Кейінгі жылдары елімізде ажырасқан отбасылар санының артуына байланысты тараптардан алимент өндіру мәселесіне қатысты түйткілді жайттар тиісті органдар тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Ажырасқандардың өз міндеттемелерін орындай алмай, жауапкершіліктен қашып, алимент төлеуден жалтарып жүргендігін мамандар жұмыссыздық, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, денсаулығына байланысты жағдайлармен де байланыстырады. Алайда мұндай себептер отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашуға дәлел бола алмайтыны анық. Бұл істе заң органдарының ғана емес, қоғамдық институттардың белсенділігі қажет екені даусыз.
Проблемалық алименттердің санын азайту мақсатында Алматы қалалық Әділет департаменті жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, полицейлер және Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ жұмысқа орналастыру бойынша меморандумға сәйкес жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, биыл 50-ден астам борышкер жұмысқа орналасқан.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Жаңабай Ағманов осы жылдың алғашқы жарты жылдығында мемлекеттік сот орындаушыларының атқарған жұмыстары туралы баяндап, есепті кезеңде жалпы сомасы 163 304 689 470 теңгені құрайтын 2 мыңнан астам құжат қаралғанын атап өтті. Сот актілерінің жалпы санының 1 мыңнан астамы немесе 54 пайызы оң шешімін тапқан.
Жаңабай Ағмановтың айтуынша, соңғы уақытта борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде, борышкерлер 85 млн теңгеден астам берешегін өтеген. Бірінші жартыжылдықта 68 борышкер жауапкершілікке тартылып, 18-ден астамы әкімшілік қамауға алынса, 6 борышкер сот актілерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке, ал 36 борышкер алименттік өндіріске тартылған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін борышкерлердің өз міндеттемелерін орындауы 41 пайызға нәтижесін берген. Ал сотталғандар негізінен кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент төлеу жөніндегі міндеттерді ұзақ уақыт бойы орындамай келген. Бүгінде қалалық Әділет департаментінде проблемалық алименттер бойынша 1 776 іс тіркеуде тұр.
АЛМАТЫ