• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2022

Қоғам жұмыла кіріссе, қоқыстан тазарамыз

952 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Қазақстанда ғана емес, әлемдегі басты мәселенің бірі – қоқыс. Жыл сайын адамзат 2,2 млрд текше тонна қоқыс шығарса, соның 20 пайыздайы ғана өңделеді екен. Өкінішке қарай, миллиардтаған тонна қоқысты түгелдей кәдеге жарату бүгінде мүмкін болмай тұр.

Рас, бақуатты елдердің керек емес деп шығарып тастайтын заттары кедей мемлекеттерге қарағанда анағұрлым көп. Бірақ оны өңдеу мәселесінде дамыған елдердің шоқтығы биік. Мысалы, Еуропалық одақтың әр тұрғыны жылына 5,2 тонна қоқыс тас­тайды екен. Соның 38 пайызы қайта өңделетін көрінеді.

Тоғызыншы территория да бұл мәселеге бас ауыртатыны белгілі. Елімізде көп жылдан бері қордаланған қоқыстың мөлшері 150 млн тоннадан асыпты. Бұл жыл сайын 6 млн тоннаға ұлғайып отырады. Оның тек 11 па­йыздан астамы ғана қайта өңдеуден өтеді. Яғни қоқыс өңдеу мәселесінде тым табысты емеспіз деген сөз. Ал «жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өңдеудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Бірақ 2030 жылға дейін аз ғана уақыт қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар.

Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталады. Бұл ті­зімде Қазақстан орта деңгейде тұр. Елі­­мізде әрбір адам бір күнге 670 грамм қалдық шығарады екен. Деген­мен оны өңдеу мәселесінде кемшін тұс көп.

Кейінгі кезде экологтер аталған түйткілді жиі көтеріп жүр. Расында, қо­қыс­тың күрделі мәселе екенін көшеден де байқауға болады. Алыс­тағы ауылдарды, заңсыз полигондарды былай қойғанда, астананың көшелерінде де тұрмыстық қалдық өте көп. Әсіресе көппәтерлі тұр­ғын үйлердің маңы «мүңкіп», Сары­арқаның аңызақ желі тұрса, керексіз қағаздар мен пластикалық дорбалар ауада ұшып жүреді. Оны былай қойғанда, демалыс орындарында, өзен-көл мен тау бөктерінде түрлі қалдық шашылып жатады.

Таяуда Алматы облыстық экология басқармасының мамандары жер­гілікті атқарушы органдармен бір­лесіп, Қонаев қаласында және Іле мен Талғар аудандарындағы ауылдар маңына зерттеу жүргізген екен. Оның қорытындысы елді мекендер маңы қоқыс алаңына айналып бара жатқанын көрсетті.

Интернетті аша қалсаңыз, қоқысқа қатысты мәліметтен көз сүрінеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Экология департаменті келтірген деректерге сай Өскемендегі қоқыс полигонында жиналған қоқысты бөлудің экологиялық талаптары сақталмаған. Соның салдарынан полигонда жылына бірнеше рет өрт шығады.

«Қазіргі уақытта бұл полигон мөл­шер­ден тыс толып кетті. Жыл са­йын қала әкімдігіне жаңа полигон салыну қажеттігі туралы шарт қойып келеміз. Олар Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлескен іс-шаралар аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жобасы бо­йынша келісім жасасты. Қоқыстар қала ішіндегі ескі полигонда сұрып­та­лады. Ал жаңа полигон Ұлан ауданы­ның тау массиві аумағында салын­бақ», дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.

Қызылорда облысында таяуда қоқыс жиналатын 40 нысанға бақылау жұмыстары жүргізілген екен. Сөйтіп, экологиялық заңнама талаптарын бұзған 58 дерек анықталған. Қазіргі таңда аймақтағы жалпы анықталған 101 заңсыз қалыптасқан қоқыс орны толығымен тазартылған көрінеді. Бұл кейінгі бірнеше күнде таратылған ақпараттар ғана.

Ал жалпы, жыл басынан бері ел аумағынан рұқсат етілмеген қоқыс тас­тайтын 3 411 орын анықталған екен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауын­ша, соның 1 243-і жойылған.

«Рұқсат етілмеген жерде қоқыс­тар­дың пайда болуымен күрес жал­ғасып жатыр. Жыл басынан бері «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі арқылы рұқ­сат етілмеген қоқыс тастайтын 3 411 орын анықталды. Оның ішінде 1 243-і жойылды», делінген министр­лік ақпаратында.

Министрліктің хабарлауынша, заңсыз тасталатын қоқыспен күресте Қарағанды, Қызылорда облысы және Шымкент қаласы белсенді. Ал Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Жамбыл облыстарындағы атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді.

«Қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша нашар жұмыс істегені үшін экология департаменттері 86 лауазымды тұлғаны (әкімдер мен әкімдер орынбасарлары) әкім­шілік жауап­кершілікке тартты. Жауап­ты­ларға жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам айыппұл салынды», дейді министрлік.

Дегенмен қоқыспен күрес мәселе­сін­де атқарылып жатқан жұмыс­тар баршылық. Мәселен, тоғызыншы территорияның түкпір-түкпірінде еріктілер әкімдіктермен бірлесіп, рұқ­сат етілмеген полигонды жоятын эко-жасақ құрып, бұл мәселеге белсене араласып жүр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында Volunteers жастар қоғамдық бірлестігі бастамасымен «Эко-сақшы» мобильді қосымшасы іске қосылған. Сол ар­қы­лы әрбір тұрғын заңсыз қоқыс орын­дарын анықтауға, оларды жоюға көмектесе алады.

«Қоқыс пен рұқсат етілмеген полигондар – біздің ұрпақтың өзекті мәселесі. Қосымша биыл «Шелл Қазақ­стан» компаниясының және Азамат­тық бастамаларды қолдау ор­­та­­лы­ғының қолдауымен іске асы­­рылған EcoBatys жобасы аясын­да іске қосылды. Кез келген Android қолданушысы «Эко-сақ­шы» қосым­шасын жүктей алады. Бұл қосымшада рұқсат етілмеген поли­гонға шағым түсіруге мүмкіндік бере­тін бөлім бар. Ешбір өтініш назардан тыс қалмайды», деді жоба менеджері Қасиет Балмолда.

Қоқыс мәселесі – атқарушы орган­дар­дың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесі бас ауыртуға тиіс түйткіл. Әрине, мемлекеттік мекемелер қал­дық­тардың дер кезінде шығары­луы­на, санитарлық, экологиялық талаптардың сақталуына, оны өңдей­тін зауыттар салуға міндетті. Әйтсе де, қоқысты заңсыз орындарға тастамау, оны сорттау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау секілді мәселелер тұрғындарға тікелей байланысты. Егер бұл мәселеде билік пен халық бірлесіп әрекет етпесе, қоқыстан құтылу қиынға түседі.