• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Абай 11 Тамыз, 2022

Ұлы шайыр ұлықталған күн

437 рет
көрсетілді

Тамыздың 10 жұлдызы – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған байланысты Семейде жоспарланған мерекелік іс-шаралар ұлы шайырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етуден басталды.

Биыл атаулы күнді өткізудің маңызы зор. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ақынның туған өлкесі өз алдына облыс болып, оның аты жаңа әкімшілік өңірге беріліп отыр. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, заңғар тұлғаның есімі ұлт жадында мәңгіге сақталып, оның мәдени мұрасы еліміздің рухани кемелденуіне әлі талай септеседі.

«Адамзатты бауырына балап, дарынды тұлғаларға асқақ рух сыйлаған ұлы баба­мыздың еңселі ескерткішінің алдында басымды иіп, тағзым етемін! Хакім Абай – қайталанбас дара тұлға. Ұлт мақтанышы, ақыл-ой кеніші, әлемдік деңгейдегі ұлы кемеңгер. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы халқымыз бен жаһан жұртының рухани асыл қазынасы болып қала береді. «Абай күнін» Абай елі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес жаңадан құрылған облыс дәрежесінде алғаш рет атап өтіп отыр. Қалың ел, қайран жұртты адастырмай келе жатқан ұлы Абайға халқымыздың көңілі ешқашан айнымайтыны күмәнсіз», деді Н.Ұранхаев.

Бұдан кейін ақынның туған күнін атап өтуге алыс-жақын елдерден арнайы келген меймандар Абай мұражайы мен Невзоровтар отбасы мұражайын аралап, мерекелік экспозицияны тамашалауға мүмкіндік алды. Мұнда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына арналып ашылған «Ұлы тұлғалар үндестігі» көрмесі келушілердің назарына ұсынылған. Сондай-ақ Семейдің ескі ғимараттарының көрмесі де ұйымдастырылыпты.

Хакімнің туған күніне орай ұлылар өлкесінде Роза Бағланованың атындағы «Қазақконцерт» ұйымының гастрольдік сапары да басталғанын айта кеткен орынды.

«10 тамыз – барлық қазақстандық үшін үлкен мереке, Абайдың туған күні. Ол шын мәнінде ұлы, дүниежүзілік ақын, ойшыл және философ. Біздің республикалық ұйым үлкен гастрольдік турды Абай облысынан, Семей қаласынан бастап отырғанына қуанышты. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үш жаңа облыс ашылды. Сол себепті мәдени құндылықтарымызды өңір халқына насихаттау үшін жаңа үш облысқа үлкен қуанышпен саяхат жасаймыз», деді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» республикалық ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.

Ұйым басшысы семейліктердің алдында еліміздің жетекші әншілері мен орындаушылары өз өнерлерін ортаға салатынын жеткізді.

Атаулы күнге орай Семейде бизнес форум ұйымдастырылып, онда еліміз бен алыс-жақын мемлекеттерде табысты жұмыс істеп жүрген өңірдің іскер азаматтары жаңа облысты көркейтуге байланысты ұсыныстарын жеткізді.

«Биыл Ақсуат ауданында мұражай құрылысы аяқталады. Семей қаласының При­речное ауылындағы мәдениет үйіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяу жылдары облыс бойынша 3,8 млрд теңгеге 12 ауылдық клуб салып, жаңарту жоспарланған. Үкімет 2024 жылға қарай Семейдегі музыкалық-театр кешенінің құрылысын қаржыландыруды қолдады. Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу көзделіп отыр», деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Н.Ұранхаев қаладағы тарихи ғимараттардың (телеграф, Мусин диірмені, көпес үйлері, діни ғимараттар) сәулеттік келбетін сақтау мақсатында тарихи және мәдени ескерткіштерді талдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

 

Абай облысы