Алматы облысында Абай күнін атап өту апта бойына жалғаспақ. Ұлы ақынның туған күнінде бастау алған мәдени іс-шаралар қатарында «Абай әндері» атты «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті, «Үмбетәлі жырларындағы – Абай бейнесі» атты әдеби-танымдық жиын, «Хантәңірі» халық театрының «Телғара» фильм-спектаклінің қойылымы және «Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің» атты поэзия кеші бар.
Ал дәл Абай күні мерекесіне орай Талғар ауданының Жаңалық ауылындағы «Аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музейде «Абайдың ақын ұлдары» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жиында Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары жайында көпшілікке белгісіз мәліметтерден сыр шертілді. Осы іс-шарада «Абайдың ақын ұлдары» атты еңбектің тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітапта дала данышпанының талантты ұлдары Ақылбай, Мағауия және Турағұл және немересі Әубәкір Ақылбайұлы жайлы зерттеулер зерделенген. Кітап авторы – белгілі абайтанушы, жазушы Болат Жүнісбеков.
– Абайдың тұңғышы Ақылбай мен Мағауия аты әйгілі бірталай көркем дастандарды жазған. Ал Турағұл қара сөздің хас шебері болған. Бұдан бөлек аудармашылығы да бір төбе. Немересі Әубәкірдің өлеңдерінде Абай үлгісі сайрап жатыр. Ол сатиралық өлеңдерімен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, көлемді дастандар жазған. Өкінішке қарай, кеңестік кері саясаттың тас құрсауы кемеңгер ұрпақтарын да айналып өтпеген. Ал кітаптың тұсаукесерінің мына қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде өтуі де тегін емес. Мен білетін Абайдың немере інісі Шәкәрімнен бастап, 14 ұрпағы қуғын көрген. Қысқасы, Кеңес өкіметі Абай ұрпақтарына оң қабақ танытпаған. Ал енді бүгінгі жастар Абай армандағандай білімді, білікті болуы керек қой», – дейді кітап авторы Б.Жүнісбеков.
Алматы облысы