• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 11 Тамыз, 2022

ІТ мамандарын даярлауға үлес

386 рет
көрсетілді

Талдықорған жоғары политехникалық колледжі NCCER құрылыс саласындағы ұлттық оқыту және зерттеу орталығында аккредиттеуден өткен оқу орталығы мәртебесін алуға ниетті. Осы мақсатта колледж халықаралық салалық бағалаудың үшінші кезеңін аяқтады. Сондай-ақ Германияның Аға сарапшылар қызметімен бірлесіп ынтымақтастық жобасына қатысуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елімізде 1 мың ІТ маманын даярлау жөнінде тапсырма жүктегені белгілі. Осы орайда поли­тех­ни­ка­лық колледж ІТ мамандар даяр­лау­да жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп келе жатқан табысты бі­лім беру меке­месі ретінде танылып келеді. Мысалы, статистика бо­йынша 2020 жылы колледждің ІТ бағытындағы түлектерінің 92 пайызы жұмысқа орналасса, былтыр бұл көрсеткіш 96 пайызды құраған. Мұндай нәтижеге 2019 жылы ІТ-орталық колледжінің базасында STEM-аймақ, коворкинг орталығы, бейне және фотостудия, Бизнес-инкубатор, WorldSkills жаттығу лагері құрылып, жұмыс істегені оң ықпал етті. Мұнда сонымен қатар Cisco және steam желілік академиялары жұмыс іс­тейді. Орталықта студенттерге ар­нал­ған Web-дизайндеу мен әзір­леу, 3D-модельдеу, CAD платформасында жобалау практикалық сабақтары мен оқыту курстары өткі­зі­леді. Сондай-ақ колледжде жаңа ІТ-технологияларды меңгеруге арналған зертхана жұмыс істейді. Жалпы, бүгінде облыс көлемінде 59 IT-сынып, 12 STEAM-кабинет, IT-мектеп бар.

Сондай-ақ колледж қазіргі за­манғы еңбек нарығының талаптарын ескеріп, құрылыс саласында ма­мандар даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде мұнда осы мамандықтарда 141 студент білім алуда.

Колледж директоры Ерқат Мұқа­жановтың айтуынша, білім орда­сы бүгінде NCCER Project Supervision бағдарламасы бойынша Ұлттық оқыту және құрылыс сала­сындағы зерттеу орталығында аккре­диттеуден өткен оқу орталығы мәртебесін алу үшін халықаралық салалық бағалаудың үшінші кезеңін аяқтады. Аккредиттеуден сәтті өткен жағдайда мекеме құрылыс са­ла­­­сындағы жұмыскерлерді серти­фи­кат­тауға құқық беретін халық­ара­­лық үлгідегі құжатқа ие болады. Бұл сертификат маман құзыретінің кәсіби стандарттарға, оның ішінде халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігін тануға және растауға арналған. Халықаралық са­лалық аттестаттаудың барлық ке­зе­ңін жыл соңына дейін аяқтау жос­парланып отыр.

«Ең басты міндетіміздің бірі – түлектерімізді жұмысқа орна­ластыру деңгейін арттыру, олар­дың білімінің, іскерлігі мен дағ­ды­ларының бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Сондықтан біз құрылыс маман­дықтары бойынша халық­ара­лық салалық аккредиттеуден өтуге шындап кірістік. Бұл ретте бізге «Талап» КеАҚ тиісті қолдау көрсетті. Осы сынақтан сәтті өтсек, бұл бізге құрылыс саласындағы жұмысшылардың біліктіліктері бойынша импорт алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, бірте-бірте отандық ірі ком­паниялар шетелдік мамандарды жұмысқа шақыруды азайтатын болады. Тіпті оған қажеттілік те болмайды. Біздің түлектеріміз қолдарына халықаралық сертификат алып, өздерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттырумен қатар еңбекақысының деңгейін де едәуір арттыра алады. Демек жыл өткен сайын біз кеңседе жұмыс істей­тіндер ғана жақсы ақша таба алады деген стереотипті жеңеміз деп ойлаймын. Осылайша, жастар колледжде оқып, қажетті жұмысшы мамандығын меңгеріп те табысты бола алатынын түсіне бастайды», деді Е.Мұқажанов.

Колледж басшысының айтуын­ша, осы жобаның шеңберінде меке­менің 5 оқытушысы 1-5 тамыз аралығында бірнеше позиция бойынша қысқа мерзімдік курстан өткен. Енді олар NCCER базасында оқытушы, үлгерімді бақылаушы, оқу бағдарламасының инспекторы ретінде тіркелді.

 

Жетісу облысы