ХХ ғасырдың соңына қарай Кеңес Одағы ыдырап, әр республика өзінің егемендігіне ие болғаннан кейін, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы саласы дұрыс жүргізілмеген экономикалық саясаттың салдарынан мүлдем қожырап кетті.
Ауылды көтереміз деп бөлінген миллиардтар желге ұшты. Ауылдарда жұмыссыздық белең алды. Екі қолына бір күрек таба алмаған азаматтар, әсіресе жастар жағы жаппай қалаларға ағылды. Бұл өз кезегінде адамдардың әлеуметтік жағдайын одан әрі қиындатып жіберді.
Қазіргі кезде кең байтақ жеріміз мал басымен толық қамтылмай отырған мемлекеттің біріміз. Мал шаруашылығы өнімдерін импортқа шығару былай тұрсын, өз халқымызды жеткілікті түрде қамтамасыз ете алмай отырмыз. Есесіне шетелдерден қымбат импорт өнімдері: жұмыртқа, өңделген сүт пен ет өнімдері қаптап келіп жатыр. Ауылда өндірілетін табиғи мал өнімдері көзден бұлбұл ұшты. Ауыл көрмеген қала баласы саланы басқарғаннан кейін істің алға баспайтыны айтпаса да түсінікті.
Енді мұндай тығырықтан шығу үшін мемлекет не істеуі керек? Шешілмейтін мәселе жоқ. Ол үшін, біріншіден, Үкімет ауыл шаруашылығына жылдық қаржыны жеткілікті деңгейде бөлуі қажет. Бөлінген қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп кетпей, сала-сала бойынша дұрыс әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Екіншіден, елімізде мал басын көбейту ісіне жағдай туғызуы керек. Үшіншіден, малды асылдандыру жұмыстары (іріктеу, жұптау, бағалау, бонитировкалау және т.б.) дұрыс жүргізілуі шарт. Төртіншіден, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын барлық техника экономикалық жағынан тиімді әрі заманауи талаптарға сай болуы керек. Бесіншіден, білімді әрі білікті маман дайындауға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Міне, осындай талаптар дұрыс орындалған жағдайда бәрі де орын-орнына келетініне кәміл сенеміз.
Серғалы МЫРЗАҚҰЛОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент, қауымдастырылған профессор
АЛМАТЫ