Қазіргі кезде еліміз өңірлерінде республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда. Алматы қаласында да қарқын алған бастама аясында мұқтаж отбасылардан шыққан 19 мың оқушыға көмек көрсетіліп, оларға әкімдік тарапынан мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 800 млн теңге қарастырылып отыр.
Биыл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасып, «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өтеді. Ол аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке қалмай келуіне бағытталған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы бағыттағы шаралар туралы баяндаған Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева оқушыларға оқу жылына дайындыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар іске асып жатқанын жеткізді. Осы орайда көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы құрылып, жедел желілер, сенім телефондары жұмыс істейді.
Ал қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілер, меценаттармен қатар мемлекеттік құрылымдарды тарту жұмыстары іске асуда. Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсетуге тілек білдірушілер тұрғылықты жері бойынша аудандық білім бөлімдеріне немесе тікелей білім беру ұйымына хабарласа алады.
Жедел желіге қатысты ақпараттар Алматы қаласы білім басқармасының сайтында көрсетілген. Л.Жылқыбаеваның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептерде білім алатын 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға байланысты әзірлік жүруде. Сонымен қатар оқушылар қайтарымды негізде оқулықтармен қамтылатын болады.
АЛМАТЫ