• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Тамыз, 2022

Еуропалықтар суды үнемдей бастады

552 рет
көрсетілді

Францияда құрғақшылық қаупі жарияланып, суды пайдалануға шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz еuronews-ке сілтеме жасап.

Лион қаласының тұрғындарына әзірге көгалды суаруға, сондай-ақ машина жууға болмайды. Уақытша ережені бұзған адамға айыппұл салынуы мүмкін. Оңтүстіктегі Лазурный жағалауында жүзге жуық коммуна су тапшылығына ұшырады. Жергілікті жағажайлардағы душ бағаналарында су мүлде тоқтатылды.

Құрғақшылық көрсеткіштерінің бірі – су қоймаларының тартылуы. Савойдағы Анси көлінде жаз басталғалы бері су деңгейі 33 см-ге төмендеп кеткен. Әзірге бұл жағдай флора мен фаунаға әсер етпеген. Бірақ адамдар қазірдің өзінде атап айтқанда, су көлігіне байланысты біраз қиындыққа тап болып жатыр.

Су тапшылығы Еуропаның көптеген аймақтары үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Мажарстанда метеорологтар 1901 жылдан бері, яғни бір ғасырдан астам уақытта болмаған ең құрғақ жеті айды тіркеді. Су ресурстары бас басқармасының мәлім етуінше, биыл жауын-шашынның орташа мөлшерінің жартысы ғана жауған.

Ұлыбританияда да болып жатқан аптап ыстық ауыл шаруашылығына қиындық туғызды. Фермерлер малға көк шөптің қалмағанын және егінді суару үшін су жеткіліксіз екеніне шағымданып отыр. 

Билік су тұтынуды шектеп жатса, экологтар батпақтарды қалпына келтіруді ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл шара құрғақшылықпен ұзақ мерзімді күресу үшін жеткілікті ылғал жинауға мүмкіндік береді.