• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2022

Киікті атқан Ақмола тұрғынына қатысты іс қозғалды

1124 рет
көрсетілді

Ақмола облысының 42 жастағы тұрғынына қатысты заңсыз киік ату бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен «Охотзоопром» кәсіпорнының және жануарлар дүниесі орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейд барысында ұсталды.

«12 тамызда «Охотзоопром» кәсіпорны қызметкерлері Амангелді ауылдық округінің аумағында 42 жастағы тұрғынның заңсыз мүйізді киікті атып алғанын анықтады. Қорғалжын аудандық полиция бөлімі осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Полиция қызметкерлері күдіктіден тіркелмеген тегіс, бір ұңғылы «ИЖ-16» мылтығын, 5 гильзаны тәркіледі», делінген ведомство хабарында.

Ер адам бұрын да Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды.

Осы ретте, полиция қызметкерлері ел аумағында ғылыми мақсаттарда пайдалануды қоспағанда, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салынғанын еске салады.

Ақбөкендерді заңсыз аулау фактілерін анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында 8-18 тамыз аралығында облыс аумағында «Ақбөкен» республикалық акциясы өтіп жатыр.