Төрткүл дүние мойындаған интеллектуалды ойындардың ең жауһары – шахмат. Әпсаналар бұл ойынды адамзат арасында соғыс болмасын, бар кикілжің осы шаршы тақта үстінде шешілсін деген арзу арманмен даналар шығарды деседі. Қазіргі дүниежүзілік саяси хал-ахуал ушығып тұрған заманда адамдар мәселені қарумен емес, шахмат тақтасы үстінде шеше алса дейсің, шіркін!
Күні кеше, шілденің 28-і мен тамыздың 10-ы аралығында Үндістанның Ченнаи қаласында 44-ші дүниежүзілік шахмат олимпиадасы болып өтті. Әлемнің әр қиырынан келген ұлттық федерациялардан 188 ерлер командасы және 162 әйелдер құрамасы қатысып, бақ сынасты. Шаршы тақта үстінде қым-қуыт шайқас ортасында біздің Қазақстан ұлттық ерлер және әйелдер құрамасы да болды. Айта кететін жайт, бұл дүниежүзілік байрақты бәсекеге белгілі себептермен Ресей Федерациясы және оның одақтасы Беларусь құрамалары қатыстырылған жоқ. Ал Қытай ел ішіндегі ковидтік шектеулерге байланысты жарысқа қатыса алмады.
Біздің ұлттық құрама нәтижелері туралы әркім әртүрлі қорытынды шығарары анық. Көпшілік біздің елдің әйелдер құрамасынан жүлделі орын күткені рас-тұғын. Бірақ меніңше, әйелдер құрамасының белді мүшесі Динара Сәдуақасованың түрлі себеппен олимпиадаға қатыса алмауы біздің құраманың әлеуетін әлсіретіп жіберген секілді. Бибісара Асаубаеваның әлеуметтік желідегі өз парақшасында Динараның қатыса алмағанына қынжылуы да соның айғағы. Бірақ ерлер де, қыздар да жалпылай алғанда жаман өнер көрсеткен жоқ. Ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да бұдан бұрынғы олимпиадалардағы нәтижелерінен асып түсіп, жоғары жылжыды. Бұған дейінгі үздік нәтижеміз: ерлер құрамасы 19-шы орын (1998 жыл), әйелдер құрамасы 6-шы орын (2014 жыл) болатын. Қыздарымыз қиян-кескі тартысқа толы 11 жарыс күні нәтижесінде жүлдеге қол созым ғана жете алмай, 5-ші орынға табан тіреді. Қыздар құрамасы 11 ойынның 8-інде жеңіске жетіп, 1 ойынды тең ойнап, 2 ойында жеңілістің кермек дәмін татты. Жансая Әбдімәлік жекелей сында 1-ші тақтадағы ойын нәтижелері бойынша қола медальға ие болса, Бибісара Асаубаева 11 ойын өткізіп (5 жеңіс, 6 тең ойын), бірде-бір партияда жеңілген жоқ. Ал ерлер құрамасындағы ең жас шахматшы Қазыбек Нөгербек 10 ойын өткізіп, оның алтауында жеңіске жетсе, үш ойынды тең нәтижемен аяқтап, тек бір ойында ғана қарсыласқа есе жіберіп, 7,5 ұпайға ие болды. Жалпы, ерлер құрамасы 11 ойында 7 рет жеңіп, 1 рет тең ойнап, 3 рет ұтылуға мәжбүр болды.
Егер ұлттық құрамаға жақсы бапкерлер алдырып, құрама үшін жаны ашитын басшылар мен демеушілер келсе, бұдан да биік асулар бағынары анық. Қолда бар үздіктерімізді бағалап, одан әрі демеп, шыңдала берулеріне барынша жағдай жасаған дұрыс. Әйтпесе, өз ұлттық құрамаларының көшбасшысы саналатын Левон Аронян және Гулрухбегим Тохиржоновадан айырылып қалған Армения мен Өзбекстан шахмат федерациясы сияқты бармақ тістеп қалуымыз мүмкін. Бұл екеуі де өз елінің федерациясымен кикілжіңге келіп, келісе алмаған соң АҚШ-тың намысын қорғап жүр. Осындай мысал көп.
Осы орайда Өзбекстан ерлер құрамасы дүниежүзілік шахмат олимпиадасының алтын медалін ұтып алғанын да айта кеткеніміз жөн. Көрші елдің шахматшылары олимпиадаға қатысқан жас құрамалардың бірі екен. Ала шапанды ағайындардың зерделі ұлдары Нодирбек Абдусатторов 17 жаста, Нодирбек Якуббоев 20 жаста, Жавохир Синдаров 16 жаста, Шамсиддин Вахидов 20 жаста және Жахонгир Вахидов 27 жаста екен. Өзбекстан ұлттық құрамасының үздік нәтижеге қол жеткізуіне Өзбекстан шахмат федерациясының президенті Алишер Садуллаевтың қамқорлығы және ФИДЕ нұсқасы бойынша 2004 жылғы әлем чемпионы Рустам Қасымжанов секілді азаматтарының бапкерлік көмегі үлкен септігін тигізсе керек. Өзбекстан ерлер құрамасы 11 ойынның бір де бірінде ұтылмаған жалғыз команда болды (8 жеңіс, 3 тең нәтиже). Әсіресе Нодирбек Абдусатторовты жаңа шахмат жұлдызы десек те артық болмас, өйткені ол жастығына қарамастан қазіргі кездегі азуын айға білеген М.Карлсен, Л.Аронян, Ф.Каруана, Б.Гельфанд сынды әлем чемпиондарын, мықты гроссмейстерлерді сенімді түрде ұтып жүр.
Ерлер құрамалары бойынша екінші орынды Армения иеленсе, қола медальды Үндістан-2 командасы алды.
Әйелдер құрамасы арасынан Украина қыздары алтын жүлдені иеленді. Бұл құрама да турнир барысында еш ұтылмаған команда (7 жеңіс, 4 тең ойын) болды. Апалы-сіңлілі Анна және Мария Музычук, Анна Ушенина және Наталья Букса үздік өнер көрсетіп, бүгінгідей қиын-қыстау уақытта украин жұртшылығына қуаныш сыйлай алды. Екінші орынды грузин қыздары иеленсе, үшінші орынға үнді қыздары көтерілді.
Қорыта келе айтарым, біздің елде де шахмат ойынының кең құлаш жаюына мүмкіндік бар. Шахматты мектеп бағдарламасына кіргізсе, одан еш ұтылмайтынымыз анық. Футболдан ұйымдастырылатын «Былғары доп», «Супербол» секілді дәстүрлі турнирлерді шахмат бойынша да әр ауданда, әр облыста, әр жас шамасындағы балалар арасында өткізіп тұрса, яғни шахматтан жүйелі жарыстар ұйымдастырылатын болса, бізде де шахмат қазіргіден де алға басары анық. Шахматшыларды тек қаладан іздей бермеу керек, ауылда да намысқа тырысатын, өсуге талпынатын жеткіншектер бар екенін ұмытпаған дұрыс. Тек әр ауданда бапкерлік мектепті қалыптастыра алу қажет. Сатылық, әділ жүйе болуға тиіс. Спортты бұқаралық қылғанда ғана нәтиже жақсарады. Өзбектердің жеңісінен кейін олардың комментарийлерін оқысақ: «Әрине, біздің бұл жеңісіміз заңды ғой, өйткені Өзбекстанның елді мекендеріндегі әр шайханада қарттар көк шайды сораптап отырып, шахмат ойнайтынын күнде көреміз. Оны көрген балалар да шахматқа әуес болады. Бәсекелестік жоғары болған жерде, сапа да болатыны анық қой», дейді.
Доспамбет жырау: «Азаулының Ыстанбұлдан несі кем?!» деп жырлағандай, «Қазақ ұл-қызының басқа жұрттан несі кем?!».
Теміржан БАҚЫТЖАНҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы