Елорда төрінде қиын да қажырлы еңбек иелері төл мерекелерін атап өтті. Жыл сайын еліміз бойынша үздік құрылысшылардың басын қосатын дәстүрлі салтанатты кеш биыл да Қазақстан құрылысшылар одағының ұйымдастыруымен өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 40 құрылысшы шақырылып, олардың ішінде 5 құрылысшыға – «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», 30 құрылысшыға – «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы мен төсбелгісі тапсырылды, сондай-ақ аталған саладағы 7 маман Қазақстан құрылысшылар одағының алғыс хаттарымен және кәсіби аталымдарымен марапатталды. «Еңбек сіңірген құрылысшы» құрметіне 30 маман, ал қалған номинацияларға қарапайым жұмысшылар ие болды. Сонымен қатар елеулі еңбектің насихатталуы үшін «Құрметті прораб», «Құрметті кран машинисі», «Құрметті шебер» номинациялары бойынша да төсбелгілер өз иелерін тапты. Қазақстан құрылысшылар одағы еліміздің басқа өңірлеріндегі құрылысшыларды да назардан тыс қалдырмады. Республика бойынша 40 награда мен алғыс хат аталған іс-шараға келе алмаған өңірлердегі құрылысшыларға жолданды.
«Құрметті құрылысшы» атанған Мирам Байдильдин, Сейфулла Жаңабаев, Серікбай Омарқас, Теміралы Өтемұрат және Сергей Трапезников ел экономикасының күретамыры құрылыс болғандықтан, әріптестерінің еңбегі қандай бағаға да лайықты екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда бұл одаққа осы саладағы 1 200-ден астам кәсіпорын сенім артып, олардың 250 мыңнан астам мүшесін қамтып отыр. Одақтың басты мақсаты – бизнесті дамыту. Өйткені құрылыс ел экономикасының дамуына әсер ететін жетекші салалардың бірі болып саналады.
Салтанатты жиында еліміздің беткеұстар қоғам қайраткерлері, спорт шеберлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Кештің көркін ұлттық нақыштағы саз аспаптар ансамблі мен басқа да сахна шеберлері кіргізе түсті.
Құрылысшылар одағының төралқа төрағасы Талғат Ерғалиев алдағы уақытта жас жеткіншектерді Қазақстан бойынша аталған еңбек түріне баулуға тың жоба дайындап жатқанын жеткізді. Келешек жастардың қолында екендігін ескерсек, еліміздің сәулет өнерінен күтетін үміт зор. Құрылысшы мамандығы – қырағылық пен шеберлік, талант пен талғамды талап ететін елеулі мамандықтардың бірі де бірегейі. Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөзі десек артық емес.
– Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Алдағы жеті жылда тағы 10 миллиондаған пәтер тапсыру қажет. Сондықтан еңбек ауқымы өте үлкен. Бұл жас ұрпақты аталған салаға тәрбиелеп, құрылысқа қажетті жас мамандарды оқытуды, мамандықтың танымалдылығын, еңбекке деген құрметті арттыруды қажет етеді. Себебі аптапта да, аязда да құрылыс еш тоқтамауы тиіс. Біздің ұйым қазір осы мәселемен шұғылдануда, – деді Т.Ерғалиев.
«Атамекен» ҰКП Төралқасының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Ирина Манжанова жарты ғасырдан астам уақыт атап өтіліп келе жатқан құрылысшылар күні еңбек әулеттерінің мерейін өсіретінін, қазіргі пандемия, экономикалық дағдарыстарға қарамастан отандық құрылысшылар аталған саланы алға жетелеп келе жатқанын атап өтті.