• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Тамыз, 2022

Елордада ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының 95 жылдығына орай әдеби жиын өтті

388 рет
көрсетілді

Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 95 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көрнекті ғалымға арналған дөңгелек үстелдің модераторы ақын,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан  Жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан  қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ұстазының ұлтқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Жиынға ҚР ҰҒА академигі, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Дихан Қамзабекұлы, ақын, прозашы, публицист, аудармашы Қайырбек Сәдуақасов, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бақытжан Тобаяқов, әдебиеттанушы, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына (Til-Qazyna) ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешев, алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Амантай Шәріп,  филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ, белгілі жазушы, тарих зерттеушісі, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы, жазушы, әдебиеттанушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, Тұрсынбек Кәкішұлының інісі Жеңіс, Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы ғалым Иманғазы Нұрахметұлы және тағы басқа да көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сөз зергерінің саналы ғұмыры қазақ әдебиеттану ғылымын зерделеу жолында өтті. Тарих үшін «ақтаңдақтар ақиқатын» ашудағы табанды күрескерлігі, шыншылдығы үшін халқының қалаулы азаматтарының біріне айналды. Оған дәлел ғалым ағамыздан қалған мына тәлсім.

«Шындықтың шырайын келтіріп айтпасақ, халықты тәрбиелеу қиын…», деген.

Жиын барысында Тұрсынбек Кәкішұлының әдеби, мәдени мұрасы сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби сыны турасындағы зерттеулерді жазудағы табандылығы, ақиқат үшін алысып, қазақ әдебиеттану ғылымы үшін сіңірген еңбектері жайлы тағылымды естеліктер айтылды.

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің есімі ел жадында. Жазушының ұлтшылдығы мен әдебиетке деген адалдығы бүгінгі жастарға үлгі. Ұлттық кітапханада қайраткердің есімі берілген «Ғалым залы» да ашылған. Онда оның 800-ге жуық қолжазбасы мен шығармалары қойылған. Жақында жазушының баға жетпес мол мұрасын дәріптеу мақсатында халықаралық ғылыми конференция өтпек.