Еліміздегі энергия өндіруші ұйымдар ұстанатын шекті тарифтердің қазіргі деңгейі компаниялардың шығынын толық жаппайды. Ал бұл жағдай олардың жұмысына, ел тұрғындары мен экономиканың энергиямен қамтылуына кері әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта тарифтерге түзету енгізілуі мүмкін. Бұл электр энергиясы қымбаттайды деген сөз.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, биыл энергия өндіруші ұйымдарға қатысы жоқ шығындардың ұлғаюы болжанып отыр. Мәселен, Екібастұздағы «Богатырь-Көмір» разрезінен алынатын көмір құны өспек. Баға осы жылдың 1 тамызынан бастап 7 пайызға көтерілді. Бұрын тоннасына 2 133 теңге еді, енді 2 282 теңгені құрап отыр. 1 қыркүйектен бастап тағы 5 пайызға қымбаттайды. Яғни бір тонна көмір үшін 2 282 теңгенің орнына 2 396 теңге төлеу керек болады. Алдағы қазан, қараша, желтоқсан айларында да 5 пайызға өсіп отырады деген болжам бар. Сонда 2022 жылдың соңына дейін көмірдің құны 30 пайызға өседі.
Ол аздай көмірді темір жолмен жеткізу бағасы 2022 жылдың басынан ел бойынша орташа есеппен 5 пайызға қымбаттады. Бұдан бөлек, биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан бойынша тауар газының құны энергия өндіруші ұйымдар үшін орта есеппен 15 пайызға өсті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында станса персоналының жалақы деңгейін тиісті өңірлер бойынша орташа деңгейге дейін жеткізу керек.
– Осыған байланысты Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары сәуір айында топтар бойынша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. Энергия өндіруші 47 ұйымның 26-сынан өтінім келіп түсті. Оларды қарау кезінде министрлік әрбір жағдай бойынша жеке тәсіл қолданды. Уақтылы шешімді талап ететін өтінімдер назарға алынды. Бұйрық жобасы 2022 жылғы 9 маусымда Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен талқылау жүргізілді. Бұйрық жобасы қоғамдық кеңесте қаралып, Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталының электронды алаңында талқыланды. Тарифтерді түзету биылғы 30 маусымда «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрықпен жүргізілді. Аталған бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 10-12 пайыз деңгейінде болжануда, – деді Энергетика вице-министрі.
Бұл ретте, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа еліміздің барлық өңірі бойынша электр энергиясын өткізетін Екібастұз ГРЭС-1 стансасының шекті тарифі өзгеріссіз қалады екен. Өзге стансалардың тарифтері 4-тен 12 пайызға дейінгі диапазонда өсуі мүмкін екенін ескерсек, Екібастұз ГРЭС-1 стансасында шекті тарифтің сақталуы тұтынушыларға қатысы бар түпкілікті тарифтердің өсуіне айтарлықтай әсер етпейді.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Қосымбаевтың пікіріне қарағанда, бүгінгі таңда 100-ден астам кәсіпорын іс жүзінде энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсетеді. Оның ішінде 37 кәсіпорынға Табиғи монополияларды реттеу комитеті бағаларды мемлекеттік реттеу тетігін қолданады. Түпкілікті тұтынушы үшін электр энергиясының бағасы энергия өндіруші ұйымдардың босату бағасына (үлесі орта есеппен 61 пайыз), электр энергиясын беру тарифтеріне (үлесі 35 пайыз) және энергиямен жабдықтаушы ұйымның жабдықтау үстемеақысына (үлесі 4 пайыз) сүйене отырып қалыптастырылады.
– Халық үшін электр энергиясы бағасының өзгеруі субъектілерден түскен өтінімдерге қарай қалыптастырылатын болады және әрбір өңір бойынша әлеуметтік-экономикалық жай-күйге мұқият талдау жүргізіледі. Халық үшін тарифтердің өзгеруінің әрбір жағдайы бойынша жеке тәсіл қарастырылады. Тұтынушылардың қаражатын орынсыз пайдалану анықталған жағдайда, тарифтерді төмендете отырып, уақытша өтемдік тариф қолданылады. Тарифтің өсуі тұрғындар үшін барынша азайтылады, – дейді Т.Қосымбаев.
Елдегі 47 энергия өндіруші ұйымның 21-і бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталатынын атап өткен жөн. Электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау энергия өндіруші ұйымдардың өндірістік персоналының, шамамен 30 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Халық үшін шекті тарифтерді көтеру туралы шешім Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жатады.
– Біздің министрліктің құзыретіне энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге шекті тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту мәселелері кіреді. Халық және соңғы тұтынушылар үшін тарифтерді түзетумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады. Электр энергиясына арналған тарифтер «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге жұмсаған шығындары іс жүзінде ұлғайған жағдайда, компаниялар шекті тарифтерді түзетуге уәкілетті органға өтінім беруге құқылы, – деп нақтылады вице-министр.
Еске сала кетейік, Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган саналады. Ж.Нұрмағанбетовтің айтуынша, ведомство тұтынушыларды және ел экономикасын энергиямен сенімді жабдықтау бойынша шаралар қабылдауда.
– Қазақстанның электр энергетикасы саласы қолданыстағы активтерді жаңартуды қажет ететінін атап өту қажет. Қолданыстағы қуаттар өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр стансаларының қолда бар қуаты 19,1 ГВт-ты құрады. 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылған электр қуаты 15,4 ГВт-қа тең болды. Осы жылдың 7 айында 64,993 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Ал осы аралықтағы тұтыну көлемі 64,790 млрд кВт/сағатты құрады, – деді Ж.Нұрмағанбетов.
Оның айтуынша, электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі бірқатар шара қабылдаған. Мәселен, оңтүстік өңірде қуаты 330 МВт болатын «Жамбыл ГРЭС» АҚ-ның 2 энергоблогы пайдалануға берілді. Сондай-ақ тапшылық кезінде майнинг фермаларына шектеу тетігі енгізілді.
– Энергия өндіруші ұйымдар ұстанатын шекті тарифтердің қазіргі деңгейі компаниялардың шығынын толық жаппайды. Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуы, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуі және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюы секілді жағдайларымен расталып отыр. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде
5 562 технологиялық бұзушылыққа жол берілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 943-ке немесе 20 пайызға артты. Ал жылыту кезеңінде жабдықтар мейлінше көптеп іске қосылған кезде технологиялық бұзушылықтар 3 467-ге немесе 47,1 пайызға көбейді, – деп нақтылады Энергетика вице-министрі.
Ж.Нұрмағанбетов алдағы жылыту маусымына дайындық штаттық режімде жүргізіліп жатқанын еске салды. Жүйелік оператор бекіткен Электр стансаларындағы жөндеу кестесіне сәйкес, биыл 9 энергоблокты, 60 қазандық және 42 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 2 энергоблокта, 14 қазандық пен 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 38 қазандықта және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде.