Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші айтарлықтай төмендеп, кейінгі тәулікте 740 адамнан індет анықталды. Қазір барлық өңіріміз «жасыл аймақта» тұр. Дегенмен жағдай оңалды екен деп арқаны кеңге салмай, сақтық шараларын ұстануды ұмытпаған жөн. Өйткені арамыздан әлі іргесін ажыратпаған індеттің қайта күшейіп кетуі қаупі бар екеніне әбден көз жетті.
20 тамыздағы дерек бойынша ПТР сынамаларының нәтижесінде КВИ ауруына ұшыраған 740 адам тіркелді. Бұлардың ішінде ең көп науқас Нұр-Сұлтан қаласында (126) және Қарағанды облысында (109) анықталды. Бұл өңірлерде жағдайдың одан сайын ушығып кетпеуі қатаң бақылауға алынып отыр. Оның үстіне жақында ғана «сары аймақтан» арылған астанадағы ахуалды қайтадан нашарлатып алмау маңызды.
Коронавирус инфекциясынан айығып, беті бері қараған адамдардың қатары көбейіп келеді. Кеше ғана 572 адам жазылып шықты. Олардың 191-і Қарағанды облысынан болса, 97-сі – Алматы қаласынан. Жалпы, індет басталғалы елімізде осы дертке шалдыққан 1 348 271 адам емделіп, сауығып шықты.
Қазір 21 925 адам КВИ ауруынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 917 науқас стационарда, 21 008 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 38 адамның жағдайы ауыр, 4 адамның жағдайы өте ауыр, 5 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Коронавирустан сақтанудың ең негізгі жолы вакцина салдыру екені түсінікті. Бұл ретте Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентін 9 578 192 адам, екінші компонентін 9 358 785 адам салдырды. Ал Pfizer вакцинасының бірінші дозасын 1 238 084 адам, екінші дозасын 1 195 162 адам қабылдады. Оның ішінде жасөспірімдер – 874 105, жүкті әйелдер – 41 603, бесіктегі баласы бар әйелдер – 145 377.