• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Тамыз, 2022

Бөкейханов аудармасы

7205 рет
көрсетілді

Қайбір жылы Әлихан Бөкейхановтың көп томдықтарының ішінен Оскар Уайльдтың жұлдызды бала жөнінде ертегісін оқып, қол соққамыз. Ұлт көсемінің білімі, әрлі тілі мен қоңыр аурасы бөлек сезім қалдырған. Енді, міне, Ги де Мопассаннан аударған әңгімелері де қолға түсті.

Аударма тілі бағзы қариялар көсіп-көсіп аңыз айтқандай, шешендер шер­леніп дауға түскендей шебер, бай тілмен қиюласқан. Шығармаларда аудармадан гөрі нәзиралық үлгі басым. Құдды Мопассанды бір ғана оқып шығып, өз сөзімен қайта жазып шыққандай. Мәсе­лен, «Жарасын алдырған ана» атты әңгі­менің аудармасына назар салалық.

«Бұл – менің өлгендегі сүйген же­рім. Мәжнүннің Ләйлісіндей көңілді ар­бап, өзіне тартатын жер. Пенде, шіркін, асыл жарымен қауышқан жерін қалай ұмытпайтын болса, мен де шаттыққа кенелген мына жерді, бұлақты тауды, сарқыраған өзенді, бұйраланған орманды ұмытпаймын. Шомылсақ, қо­ңыр салқын бұлағы бар, масатыдай жай­наған құрағы бар. Балығы тайдай тулайтын, бақасы қой­дай шулайтын, шырмауығы шөккен түйе таптырмай­тын, балығы көлге жыл­қы жаптырмайтын жанға сақтау болған жер еді». Міне, нәзиралық үлгі! Әлбетте, түпнұсқада Мәжнүн мен Ләйлі де, Қазтуғанның жырында келетін те­ңеулер де жоқ. Бөкейхановтың Абай үлгі­сімен автордың өзінен асырып ауда­ру қабілеті таңырқарлық.

Мопассанның «Ажал төсегінде» ат­ты әңгімесі неге екені белгісіз «Кү­зет­те» деп аударылған. Бәлкім, Бөкей­ха­нов ойдың тиянағын көздеп, кей­бір сөз­дерді сол уақыттағы қазақ ұғы­мы­на түсінікті, анық етіп аударса керек. Шы­ғармада аудармашының өзі қос­қан теңеулер, сөз тіркестері жетіп артылады. Шопенгауердің (Бөкейханов «Шепенгауер» деп аударған) өмірінің соңғы сәті, ажал жанын алған мезеті суреттелетін шығарма желісі қызықты, бірден еліктіреді. «Күйін де ашулан, ішің жарылсын, ол мықты Шопенгауер еді. Ойға ойды соққанда қарсы беттегі адамның тілін кесіп, жон арқасын дүре­леп, өшпес таңбасын басып жіберетін». Мәселен, осындағы екінші сөйлем Мо­пас­сан шығармасында кезікпейді. Бірақ сөй­лемнің қаншалық үйлесім тауып, жым­дасып тұрғанын бағамдап көріңіз.

«Ақсақ кемпір» атты шығарма­ның ажары тіпті де өңге. Бөкейханов Мопассан кеңістігінен тіпті алыстап кетіп, өзінше көсіледі. «Жастағы бір көргеннің жұртқа қайтқан қозыдай ойыңа келеді де тұрады. Асық аруды алғашқы құшқан жердей ойыңды ерке­летіп сипайды. Талай жасқа келдім. Екі жасымнан біздің үйде жүрген ақсақ кемпір есімнен кетпейді. Тұрсам да, жалғыз қалсам да ойымды жайлайды да тұрады». Әңгімеде Бөкейхановтың жанынан шыққан теңеулер кезігеді. «Ақсақ шешем аяңшыл аттың тымақты алшысынан тастаған аяңындай сусылдап ісін істеп, осындай әңгімені ісіне қосарлап, желдіртіп айта береді» немесе «Әнештің әңгімесі осы. Бұл Ақжүніс, Баян сұлу секілді әйелдің тобынан шыққан сұлу еді ғой» дейді бірде. Француз ұлты­ның өкілі Ги де Мопассан шығармасында Ақжүніс пен Баян сұлу қайдан жүрсін? Міне, аудармашы шеберлігі, аудармашы дегдарлығы.

Шығармаларда адам аттары да қазақ­шаланған. Ақбала, Боздақ, Роза, Бектір сынды есімдер бар. Байтұрсын­ұлы­ның шеттен келген әр сөз ұлттың диірмені­не салынып барып қолданылуы жай­лы айтқан тұжырымы бар-тын. Бөкейханов әр сөзді қазақ тілінің ды­быстық үндес­тігіне сәйкестендіріп, жеңіл, оқы­лымды етіп аударған. Қазіргі аударма кітаптардың көбіне ортақ қателік – көшірмеге (калька) ұрыну. Автор қалай жазса, дәл солай сөзбе-сөз аударумен шектелетін аудармашылар еңбегі қолтырауын арқасын­дай бұжырла­нып тұрады. Сондықтан да болар мүйізі қа­рағайдай авторлар­дың да аудармасын оқып шығу асқан сабырлықты қажет етеді. Егер әр шы­­­ғарма Бөкейханов ­аударма үлгісі негізінде аударылар болса, қазақ руханиятына өлшеусіз қа­зына болып құйылар еді.

Мәселен, Бөкейхановтың Мопас­санның «Франсуаза» атты шығармасын Толстойдың аудармасынан аударғанына сенемін. Толстой еңбектерін аударып, дана ақсақалды жақсы көргенін ескерсек, бұл күмән туғызбайды. Мүмкін алғаш рет Мопассанмен Толстой арқылы танысқан да болар. «Франсуазаның» Толстой аударған мәтінімен Бөкейхановтың аудар­масын салыстырып көрелік.

Толстойда: «Он поднялся, отстранил ее от себя и, схватив своими большими матросскими лапами ее голову, пристально стал вглядываться в ее лицо. Мало-помалу он узнал в ней, наконец, ту маленькую, тоненькую и веселенькую девочку, которую он оставил дома с теми, кому она закрыла глаза», деп аударылған жолдар Бөкейхановта: «Ағасы күрек­тей алақанымен қарындасының титімдей басын құшақтай алып, екі бетінен шө­пілдетіп сүйе бастады. Көкірегін қарс айы­рардай бір өксік тоқтаусыз құйылып жатты. Бұл нағыз еркектерде ғана болатын өзек өртерліктей ащы өксік еді. Жүрегін солқылдатып, бауырын өртеп, кеудесін қанжармен тілгілеп жатты», деп тәржімаланады. Толстойда «жүзіне тіке қарады» десе, Бөкейхановта «екі бетінен шөпілдетіп сүйе бастады» дейді. Әрі қарай тіпті аудармашы өз қиялымен, өз сезімімен, қазаққа тән аямшақ, жана­­шыр, кеңжүрек мінезбен негізгі мә­тін­де жоқ сөйлемдерді меруерттей тізбе­ле­ген. Сірә, қазақ оқырманы үшін, жал­пы халықты ағарту мақсатында жасал­ған еңбек екені осы тұста да тағы бір сезіледі.­

Бөкейханов аудармалары – жеке тақырып, жеке зерттеу нысаны. Ұлт оқырмандарына тұңғыш рет Мопассанды таныстырған да Бөкейханов болатын.