• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Тамыз, 2022

Түйткілдің түп себебі заңның шикілігінде жатыр

131 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары Мәди Елюбаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты «Жібек жолы» ауылындағы 300 орындық мектептің құрылыс барысымен танысты. Бұл жөнінде палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Білім беру нысаны Amanat пар­тиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру аясында қолға алынған. Сондықтан нысанның сапалы әрі өз уақытында аяқталуы партия бақылауында тұр. Мектептің құрылысы 2020 жылы басталып, биылғы оқу жылының басында, яғни қыркүйекте тапсырылуы керек болатын. Мердігердің айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажет болған. Соның салдарынан құрылыс жұмысы кешіктірілген.

Мәжіліс депутаты Юлия Кучин­скаяның пікірінше, мәселенің түпкі себептері мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен болып отыр. «Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен туындаған біршама олқылықты байқадық. Біз тек мониторинг жүргізіп, нысанды уақытында тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз – заңдарды жетілдіру. Қандай заңда, нендей олқылықтарын барын анықтауға тырысып отырамыз. Мәселен, бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның жетілмегендігін байқадық. Одан қалды құрылыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де нақты емес. Олай дейтінім, мердігермен әңгімелесу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың әуелде-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық барлаумен байланысты проблемалар анықталғанын білдік. Келесі сессия­дағы жұмыс аясында біз осы мәселелерді көтереміз. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берді. Бұл тақырып депутаттардың айналысатын негізгі бағыттарының бірі», деді Юлия Кучинская.

Өз кезегінде, құрылыс нысанының бас мердігері «Достар» көпсалалы компаниясының өкілі Аслан Нәбиев мектепті желтоқсан айында аяқтауға тырысамыз деп отыр.

Мәжіліс депутаты Мәди Елюбаев мектептің құрылысы ауылдағы үш ауысымда оқу мәселесін біршама шешуге көмектесетінін алға тартты. Депу­тат­тардың айтуынша, елорда ма­ңындағы елді мекендердегі ең негіз­гі про­блема тұрғындарының ресми тір­келмегендігінен туындап отыр. Мәселен, «Жібек жолы» ауылындағы жергілікті халықтың саны ресми дерек бойынша 10 мыңның айналасында болса, шындап келгенде, тұрғындар одан екі есе көп.

Бұл өз кезегінде елорда айналасын­дағы ауылдарда әлеуметтік инфра­құрылымдардың жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан халық қалаулылары алдағы уақытта агломерацияларды дамыту туралы заңды жетілдіру қажет деп санайды.

Жалпы, «Жібек жолы» ауылдық округінде бүгінде екі мектептің құры­лысы жүруде. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжіліс депутаттары мектеп құрылысының жылдың соңына дейін жылдам әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстайтындарын айтты.