• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Тамыз, 2022

Жаңа тұғырнаманың негізі – Президент реформаларын қолдау

193 рет
көрсетілді

Amanat төрағасы Ерлан Қошанов партияның жаңа саяси тұғырнамасын әзірлеу жөнінде кеңес өткізді. Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ бейне-конференц байланыс арқылы партияның аймақтық филиалдары қосылды.

Саяси тұғырнаманы жаңар­ту жұмыстары биыл сәуірден бастап жүргізілуде. Кездесу­ді алғысөзімен ашқан Ерлан Қошанов Қазақстан даму­дың сапалы әрі жаңа кезеңіне қадам басқанын, осыған орай партия қоғам талабына сай өзгеруі тиіс екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру ісіне қатыс­ты ауқымды міндеттер қойды. Партия осы жұмысқа белсене қатысып, Президент реформаларына қолдау көрсетуі тиіс. Ол үшін Amanat-тың Саяси тұғырнамасын қайта қарау қажет. Бұл қадам партиялықтар­ға жаңа бағыт-бағдар беріп, олар­дың халық мүддесін қор­ғау ісіндегі азаматтық белсенділі­гін арттыруы тиіс», деп атап өтті Е.Қошанов.

Партия төрағасының пікі­рінше, саяси тұғырнаманы жаңарту жұмысы «халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілуі тиіс. Бұл – аса маңызды мәселе. Еркін пікір алмасу, кең саяси диалог қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жұмысқа барлық аманаттықтар атсалысуы қажет.

«Әрбір партиялық саяси тұғырнаманы біліп қана қой­май, ондағы құндылықтармен бөлісуі керек. Оны күнделік­ті жұмысында басшылыққа алғаны маңызды», деп атап өтті Е.Қошанов.

Отырыс барысында Мә­жілістегі Amanat фракция­сының мүшелері Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Ерлан Саиров, партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі Марат Шибутов, қоғам қайраткерлері Мұрат Әбенов, Данат Жұмин, Марат Бәшімов, партия­ның аймақтық филиалдары­ның өкілдері ой-пікірлерін орта­ға салды. Партияның Саяси тұғырнамасында көрініс табуы тиіс тәсілдер белсенді талқылаған сарапшылар бұл қадам «Amanat-тың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жағдайда сайлаушылардың сенім үдесінен шығуға мүм­кіндік беруі тиіс» деді.

Отырыс қорытындысы бо­йынша партия төрағасы саяси тұғырнаманы әзірлеу ісі­не қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, тұғырнама жобасын жария талқылау ұйымдастырылады. Соның ішінде, сараптамалық кездесулер, өңірлерде жеке кеңестер өткізіледі. Бұл жұмысқа партияның барлық филиал­дары, Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялар тартылады.

Ауқымды талқылау жүргізу мақсатында құжат партияның сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылады. Құжатқа әр отандасымыз өз ұсынысын енгізе алады. Қоғамдық саясат институты партиялықтар арасында жаңа саяси тұғырнаманың ба­сымдықтары жөнінде әлеу­меттік сауалнама жүргізеді. Құжат жобасы Talqylau диалог алаңында сарапшылардың, блогерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен талқыға салынады.

Партияның саяси тұғыр­намасының қорытынды жобасы биыл күзде республика­лық партия конференциясында талқыланады.