• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Тамыз, 2022

Ауылдарда шешімін күткен мәселе көп

308 рет
көрсетілді

Amanat партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Жақында партия мүшелері Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келіп, іс-шарада 4 шалғай елді мекен қамтылды.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары партияның республикалық мобильді қоғам­дық қабылдау бөлмесінің өкіл­деріне сумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті қолдау секілді мәселелер бойынша жүгінді.

Антоновка ауылының тұрғыны Ирина Екименко жаңа су құбырын салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылдағы су құбыры 80-ші жылдан бері бар болса, оның 90 пайызының тозығы жетті. «Мен қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқан соң екі айдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманың дайын болатыны, ал қараша айында бюджеттен ақша сұралатыны туралы жауап алдым», деп атап өтті И.Екименко.

Атырау облысына қарасты Исатай ауданында қабылдауға 30-дан астам адам келді. Өзекті мәселелердің қата­рында жол жөндеу, ауылдарды абаттан­дыру және әлеуметтік маңызы бар нысан­дар­дың құрылысына қатысты сұрақтар бар.

Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Бағила Ибрагимова автокөлік жолы арқылы малға арнал­ған өткел салу мәселесі бойынша өтініш білдірді. «Партияға ауыл тұрғын­дарының атынан келдім. Біздің ауыл арқылы өтетін Атырау-Астрахань тас жолын қайта жөндеуден өтуіне байланысты малға арналған өткел қажет. Оған лайықты орын да дайын. Алайда бізді толғандырған мәселенің аяқсыз қалмай, бақылауда болғанын қалаймыз», деді ауыл тұрғыны.

Қабылдауға келген жергілікті тұрғын Қалидолла Қадыров аманаттықтарға жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі бойынша шағымын айтты. «Жақын маңдағы өзек аумағында су жоқ. Сондықтан су мен шөп іздеп көрші ауылдарға мал айдап кетуге тура келеді. Біз ауылда мал жаятын және суаратын орын болғанын қалаймыз. Кейбір жерлерді жеке шаруашылықтар жекешелеп қоршап алды. Партия бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп отыр. Сондықтан біз бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенімдіміз», дейді ол.

Amanat партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева 4 шілдеде шалғай елді мекендерге сапардың екінші кезеңі басталғанын атап өтті. «Бірінші кезең 14 наурыз бен 14 маусым аралығында өтті. Екінші кезең кезінде 131 ауылдық округте болып, мыңға жуық адам қабылдады. Мәселелердің 25 пайызы дер кезінде оң шешімін тапса, қалғандары бақылауға алынады», деді Әлия Садырбаева.

Еске сала кетейік, партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 91 мыңнан астам адам жүгінді. Мем­лекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутат 18 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 46 мыңнан астам адам қабылданды.