• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Тамыз, 2022

«Айбоз» әдеби сыйлығынан үміттілер көп

754 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі биыл тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған еді. Жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрайтын ауқымды байқаудан үміттілер көп. Атап айтсақ, бүгінде әдеби бәйгеге қатысушы 150-ден астам шығарма келіп түскен. Бұл туралы аталған сыйлық жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Биыл 15 маусымда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылар, журналистермен кездесіп, елімізде тұңғыш рет осы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалатынын ха­барлаған еді. Содан бері екі ай өтті, байқаудың аяқталуына бір ай уақыт қалды. Ұлттық әдеби сый­лықта «Үздік проза», «Үздік поэ­зия», «Үздік драма», «Үздік аудар­ма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары бар. Әр аталымның жеңімпазына 5 млн теңгеден жүлде тағайындалған. Сонымен бірге «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары алғаш рет өткізіліп отыр», деді Мәдениет және спорт министрлігі Архив және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Айта кетейік, байқауға өтінім­дер aiboz@kitap-palatasy.kz электронды мекенжайына 1 қазанға дейін қабылданады.

«Мұндағы басты талап – жаңа дүниелер ғана қабылданады, шығарма бұрын-соңды еш жерде, әлеуметтік желілер мен газет-журналдарда жарияланбаған болуға тиіс. Екі айда байқауға 150-ден астам шығарма келіп түсті. Көптеген туындының құжат­тары дұрыс болмағандықтан, олар­ды қайтарып, түзетіп қайта жіберу­ге мүмкіндік беріп жатырмыз. Сұраныс өте көп, бір автордан 4-5 еңбек келетін сәттер де бар. Қызығушылық танытқандар күн сайын арнайы телефонымызға хабарласып жатыр. Шығармалар­дың дені қыркүйек айында ке­ле­ді деп ойлаймыз», деді Ұлттық мем­ле­кеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.

Спикердің айтуынша, байқауға қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Еркін тақырыптағы барлық көркем шығарма қабылданады.

«Мысалы, жақында 13 жаста­ғы бала хабарласып, өз шығармала­рын жіберді. Әрине, біз оған рұқ­сат еттік. Біздің байқауға 13 жасар баладан Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты атанған кісілер де қаты­сып жатыр. Негізінен проза, поэ­зия, балалар әдебиеті жанрларына өтінім көптеп түсуде, кітап дизайны бойынша да қатысушылар көп, комикстер әзірге аз», дейді Әділ Қойтанов.

Айта кетейік, әдеби сыйлық жеңімпаздарға жыл соңында тапсырылады. Конкурс нәтижесінен соң жеңімпаздардың шығарма-­ лары 500 данамен жарық көреді.

Сондай-ақ брифинг барысында Жазушылар одағының мү­ше­сі, жазушы, аудармашы Любовь Шашкова, жас жазушы Садық Шерімбек сөз алып, шы­ғар­ма­шы­лық байқаудың мән-маңы­зына тоқталды. Әдебиет сала­сындағы тағы бір жаңалық, 2023 жылдан бас­тап жас жазушылар мен ақын­дар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. 18 бен 29 жас аралығындағы автор­ларға арналған байқау да жас таланттарды қолдау мақсатында жасалып отыр.