Ұлттық өнер кеңістігінде түрлі жанр мен сан алуан стильде сөйлеген «Қыз Жібектің» санында шек жоқ. Әрқайсысы өзінше өрнекті, өзінше айшықты. Соның ішінде, әсіресе 1934 жылдың 7 қарашасында тұңғыш тұсауы кесілген ең алғашқы «Қыз Жібектегі» Күләш Байсейітова мен Құрманбек Жандарбеков бастаған таланттар жолы кейін экран тілінде көрерменін қуантқан Сұлтан Қожықовтың әйгілі фильміндегі айшықты бейнелермен тіпті бедерленіп, жұртшылық жүрегіне одан әрі жақындай түсті. Жырдан шабыт алып, опера мен кино кемел жол салып берген ұлттық фольклор жауһары драма театрлары сахнасына да сәулелі із қалдырып, өнер кеңістігі мұғжизасының мүмкіндігін байытты. Осылайша режиссерлер қиялына қанат бітірген ғажайып туынды әр сахналануында соны тыныс ашып, жаңа белестерде жарқырап биіктей берді.
Бас қаланың жас театрларының бірі, биыл тарихына 15 жыл толтырып отырған іргелі өнер ордасы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры сахнасында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасымен қойылған әйгілі жыр жауһары шын мәнінде өнердің үлкен жаңалығына айналды.
Нұрқанат Жақыпбай – ұлттық режиссураға өзіндік қолтаңба, соны сараптауымен енген санаулы суреткердің бірі. Режиссердің әу бастағы таңдаған соқпағы да, мақсаты да айқын – сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өзгелерге ұқсамау, өнердің бар мүмкіндігін шегіне дейін пайдалану. Н.Жақыпбай үшін сахнадағы ұзын-сонар сөз әрекетінен бұрын, қимыл мен ой әрекетіне басымдық беру зор маңызға ие. Сол себепті де режиссердің кейіпкерлері сылдыр сөзге сараң, көрерменіне орынды-орынсыз ақыл айтудан аулақ, керісінше, қиялға бай, жан дүниесі сыршылдықпен серік, ойланғыш, толғанғыш келеді. Сахнадағы кейіпкер өмірін суреткер сөзден емес, ең бірінші әрекеттен, қимыл эстетикасынан іздейді.
Табиғатынан эстет режиссер бұл қойылымына да сұлулық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Әсіресе Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова мен Айым Жүсіпбекова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан – Бекжан Керімбаев пен Данияр Оразаев, Шеге – Жандәулет Батай мен Нұрлыбек Төлегеннің шынайы ойыны һәм актерлік ішкі органикасы, вокалдық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады.
Қойылымды тамашалап отырып, ұлттық классикалық музыканың саф құнарына бас қойып, актерлердің жанды дауыста жекелей де, хормен де жеткізген сезім суреттері мен үн иірімдерінен шын мәнінде жаныңыз ләззат алып, ішіңізге, жүрек түкпіріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қана музыка дәру болады. Драмалық актерлердің музыканы дәл осылай жоғары кәсіби деңгейде игеріп, титтей де шашау шығармай, бір деммен, бір нотада орындауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.
Нұрқанат Жақыпбай режиссурасының басты кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. Маңдай тер төгілмеген, жан қиналмаған жерде таңдай қаққызар биік өнердің тумайтынын суреткер кезекті жұмысы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр – синтетикалық өнер десек, сол сантараптылықтың бар түрін режиссер сахнада сәтті пайдаланады.
Жалпы, режиссер ретінде Нұрқанат Жақыпбайдың өзіне ғана тән қолтаңбасы, суреткерлік сараптауы – оқиғаны символмен сөйлету стилімен ерекшеленеді. Яғни Нұрқанат Жақыпбай – символист. Режиссер сахнада бар құпиясын ашып тастамайды. Суреткерлік сараптауында жұмбақ, астар, аллегория басым. Сол арқылы өнерді тұрмыстық қарабайырлықтан алшақ әкетіп, көрерменін талғам мен өре биігіне қарай жетелейді. Өзінің жасырған жұмбағын шешуге қызықтырады. Сондықтан да режиссер жұмысы көрерменді жалықтырмайды, керісінше құпиясының сырын білуге өзіне қарай тартады, қызықтырады. Нұрқанат Жақыпбайдың кейіпкерлері көрерменіне ешқашан ақыл айтып, қойылым бойы кеңінен көсіліп отырмайды. Керісінше, соңғы сөзді әр адамның өзіне, жүрек үніне қалдырады. Спектакльден әр көрермен өз арманын, өз ойы мен мұратын, өз түсінік-таным, талғам-пайымына қарай жеке-дара арқалап шығады. Бұл «Жібектің» де мұраты сол.
Жастар театры сахнасында суреткерлік биікте сарапталған спектакль әлемнің қырағы театр сарапшыларының назарынан тыс қалмады. 2018 жылдың шілде айында фестиваль ұйымдастырушыларының арнайы шақыруымен Оңтүстік Корея елінде өткен XII Дэгу Халықаралық мюзикл фестивалінде (DIMF – Daegu International Musical Festival) жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Бұл – Қазақ театрларының арасынан алғаш болып суырылып шығып, жаһандық кәсіби мюзикл фестиваліне жолдама алған жас та болса жаңашылдығымен үнемі жасампаздыққа ұмтылып жүретін Жастар театрының әлемдік сахна мәдениетін бағындыруға бағытталған кезекті сәтті қадамдарының бірі.
Айтулы байқау Нью-Йорк мюзикл фестивалінен кейінгі екінші орында тұрғандықтан, үлкен сахнаға жолдама алмас бұрын, кез келген театр ұжымы іріктеу кезеңінің бірнеше сатыларынан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік екенін дәлелдеуі шарт. Дегенмен, «Жібек» бұл сыннан да сүрінген жоқ. Үш айға жуық жүрген іріктеу кезеңінің 3 сатысынан да «Жібек» әлем көрермені қызыға қарайтын туынды екенін дәлелдеп, ақтық сынға жолдама алды. Франция, Ресей, Қытай, Корея, Ұлыбритания, Тайвань сынды әлемдік мюзикл саласын дамытып келе жатқан елдермен бір қатарда тұрды.
Мюзикл қою мәдениеті әлдеқашан өндіріс биігіне көтеріліп, дамып кеткен әлемнің алпауыт елдерімен тең дәрежеде иық тірестіре өнер көрсеткен Жастар театры ұжымы додаға өзге қойылым емес, «Қыз Жібекті» ұсынуы тегін болмаса керек. Дәл осы туындымен 1934 жылы қазақтың тұңғыш опера театры шымылдығын түрсе, 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде көмейіне бұлбұл ұя салған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов бастаған таланттар шоғыры кеңес көрерменін дүр сілкінткен болатын. Есімі аңызға айналған сол дарындарың ізін жалғай әлемнің аса ірі мюзикл фестивалінде бақ сынау үшін Корея асқан театр ұжымы қазақы діл мен дәстүрді өн бойына үйлесімді жарастырған ұлттық қойылымды жаһан назарына ұсынды. Ұлттық нақышпен өрнектеліп, салт-дәстүрді өнер биігінде сәтті бедерлеген туынды Корей елі мен қонақтарының үлкен сұранысына ие болып, ыстық ықыласына бөленген сол тарихи сәтіне біздің де куә болғанымыз бар. Демек қазақ театрының бұл мерейі ұзынқұлақтан жеткен құрғақ ақпарат емес, осы жолдар авторының өз көзімен көріп, Тэгу төріндегі айрықша толқынысты сезімді бастан кешкен әсерлерінің айшықты үзіктері.
Фестиваль қорытындысы бойынша, «Жібек» мюзиклі тәуелсіз театр сарапшыларының шешімімен әрі 6 ай бойы жүргізілген әлемдік рейтинг бойынша Ұлыбритания мемлекетінен кейін ІІ орынға жайғасты. Сол көрсеткіш арқылы қойылымды 2 жылдың ішінде әлемнің 30 000-нан астам көрермені тамашалап, ұлттық өнеріміздің өзгеше өрнегіне таңдай қағысты. Бұл – сөз жоқ, қазақ театрының мерейі.
Сондай-ақ айтулы қойылым 2018 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстанның халық әртісі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVІ Республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» – Гран-при жүлдесін иеленгені де театр ұжымы үшін зор мақтаныш.
Одан бөлек, 2019 жылы Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында өткен ІІІ Халықаралық «Өркендеу дәуіріндегі театр өнері» театр фестивалінде бақ сынап, арнайы диплом иегері атанса, сол жылы Түркия елінің Конья шаһарында өткен XII Халықаралық Түркітілдес елдер арасындағы «Мың тыныс – бір дауыс» фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.
2020 жылы әлемдік пандемияға байланысты форматы өзгеше өткен XIV DIMF (Deagu International Muzical Festival) дүниежүзілік Тегу фестивалінің (Оңтүстік Корея республикасы) ұйымдастырушылары 2007 жылдан бері қатысқан 61 мемлекеттің 284 қойылымы арасынан ең үздік 9 мюзиклді іріктеп алып, көрермен назарына қайта ұсынды. Сол «үздік тоғыздықтың» арасында Жастар театрының «Жібегі» де бар.
Өнер – ұлттың жаны әрі айнасы десек, Тәуелсіздік тұсауын кескен талантты театр ұжымының түркі әлемі төріндегі тұғырлы орны мен асқақ абыройы – күллі қазақ өнерінің мерейі һәм мәртебесі екені анық. Осынау классикалық туындыны заманауи тілде сөйлете білген режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл туындысы әлі талай асуларды бағындыратынына сеніміміз мол. Ал жаһан жанарын жаулаған «Жібекті» Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп санаймыз.