• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Тамыз, 2021

Қалам ұшындағы гүл

705 рет
көрсетілді

Сіз бір сәт мына ғаламды гүлсіз елестетіп көріңізші. Онда айнала сұп-сұр, тұманды бірдеңеге айналып кетер еді. Табиғаттың мейірімі түскен шөп біреу болса, ол – гүл. Мифологияда әлемнің көптеген гүлі туралы аңыз-әпсаналар жиі кездеседі. Анемон, қалампыр, гиацинт, лалагүл, лотос, нарцисс, көкнәр, раушан, күнбағыс және шегіргүл деп кете беретін әртүрлі гүл әртүрлі мәдениеттің, тіпті сан алуан әдет-ғұрыппен байланысты.

Анемон грек мифологиясы кейде жел гүлі деп аталатын қызыл анемонды Адонистің өлімімен байланыстырды. Ел аузына ілінген жас жігітті Персефон жерасты әлемінің ханшайымы және махаббат құдайы Афродита жақсы көрді. Адонис аң аулағанды ұнататын, бір күні жалғыз өзі аңға шыққанда, азуын айға білеген қаһарлы қабанды жаралайды. Афродита ғашығының айғайын естіп, қансырап жатқан Адонисті көруге барады. Әне сол сәтте Адонистің қанының тамшылары тамған жерден қызыл анемондар өсіп шығады. Бұл мифтің тағы бір нұсқасында анемондар Адонистің өліміне дейін ақ түсті болған, ол жараланғанда, оның денесінен аққан қан оларды қызылға бояған дейді.

Ал жиектелген жапырақтардан тұратын қалампырдың әртүрлі мағынасы бар деседі. Мексиканың үндістері үшін бұл өсімдік «ажал шөбі» есебінде. Сол үшін олар хош иісті қалампыр гүлдерін өлген адамның мәйітінің айналасына қояды. Корейлер үшін басқа қадалған үш қалампыр гүлі сәуегейлік немесе болашақты болжау түрі болып табылады. Тіпті ерте солған гүл адам өмірінің қай кезеңінде азап пен қиыншылық болатынын көрсетеді деген түсінік те бар. Еуропада жасайтын Флемич деп аталатын ұлт үшін қызыл қалампыр махаббаттың символы, ал қызғылт түсті қалампыр дәстүрлі түрде үйлену тойымен байланысты.

Әдебиет әлемінде гүл туралы шығарма өте көп. Соның ішінде XVI ғасырдағы француз ақыны Пьер Ронсардың «Кассандраға арналған ода» атты еңбегінде сұлулықтың мәңгілік еместігінің символы ретінде гүлді пайдаланды. Ақын Кассандраны қазір жайқалып тұрғанымен, бірақ көп ұзамай солып қалатын раушан гүліне ұқсатады. Ал Джон МакКрейдің 1915 жылғы «Фландрия өрістерінде» поэмасы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде шайқаста қаза тапқандардың қабірлерінің үстінде өсіп тұрған көкнәр бейнесіне назар аударады, бұл мифтік мәнге ие гүлдердің сирек кездесетін заманауи үлгісі еді.

Гүл туралы біздің ақындар да керемет жырлар жазды, сол жырларда гүлдің нәзіктігі мен қауашағы бүр жарып тұрды. Ақын Мұқағали Мақатаевтың гүлі былай өріліпті:

«Сабағы әлсіз сары гүл,

Жартаста жалғыз тұр өсіп.

Жауын ба, жел ме – бәрі бір,

Өзінше ол да күресіп,

Жартаста жалғыз тұр өсіп.

Дәнеңе де атпай желігіп,

Олжасыз қалған бір мерген

Отырған сәтте ерігіп,

Жартастан жалғыз гүл көрген.

Тамыры терең көмілген,

Жартасқа жаңа гүл өсер.

Өткінші мынау өмірмен

Өзінше ол да күресер».

Өлеңде гүлдің қайсарлығы айтылғаны анық. Ақын оның өмірмен күресерін жан жүрегімен сезгендей етіп суреттейді. Ғали Орманов та өз гүлін оқырманға былай ұсынады, өлеңнің аты «Янги йер гүлі».

«Бізге ұландар гүл тартты,

Жүздерінен жыр ескен.

Өздері гүл сияқты

Осы өңірде жаңа өскен.

Мектебі де, бағы да

Жаралғандай бір күнде,

Жабырлап жан-жағыңда

Жастық біткен түр бірге.

Жаны қимас өрендей

Жəне ойлантты кетерде:

Жаңа туған өлеңдей

Жаздым соны дəптерге.

Жыр сықылды Янги йер

Қалар ұзақ жадымда.

Гүл бейнелі сəбилер

Күлімдесер алдымда».

Ақынның сәбилер мен гүлдерді өлең ар­қылы көз алдына елестетуі көңілге қоным­ды. Гүл қашанда махаббатың, мейірім­діліктің, ізгі­лік­тің символы болып келеді. Бұл заң­ды­­лық бү­гін де, ертең де, мәңгілік өзгере қой­мас.

Келесі өлең Сағи Жиенбаевтың жыр ба­ғында өскен гүл екен.

«Амалсыз қош айтысып гүлді бақпен,

Айдын көл, асау дария, мың бұлақпен,

Аттанып келем бүгін Алматыма,

Аспанның ақ төсінде құлдырап мен.

Кеудеме күн нұрындай ыстық алып,

Бір ұшқын жүрегіңнен түсті барып.

Шоқ гүлін қолыма ұстап сол жүректің

Мен, міне, Алатауға ұштым алып.

Бұл жерде өзен қандай, бақтар қандай,

Бәрі де жүрегімде сақталғандай.

Жалтақтап қарай берем әлі артыма,

Ауылымнан өзім туған аттанғандай!».

Қаламгердің алабұртқан сезіміне, шалқар шабытына гүл ғана демеуші болып тұрғандай. Сағи сынды сыршыл ақында, әрине, жақсы өлең көп, ал солардың ішінде гүл туралысы бір төбе. Қалай айтсақ та, гүл ақындар үшін жү­ректің лүпілі, сезімнің тұнығы іспетті. Ал ақ қағаз бетіндегі әлем үшін гүлдің берері мол. Ендігі жерде гүл бар жерде мәңгілік жыр да бар.