Миллиондаған тұрғыны бар мегаполистерді асырап отырған айналасындағы облыстар болғанымен, отандық азық-түлікті өндірудің ғана емес, сатудың да, сақтаудың да өзіндік мәселелері бар. Мысалы, осы аптада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өңірлік тамақ өнімдерін өндірушілер, салалық одақтар өкілдері мен азық-түлік нарығы сарапшылары тоқайласқан еді.
Әсіресе бұл жиын Алматы шаһарының айналасындағы Алматы облысына қатысты десек болады. Кездесуде отандық өнімдерді желілік бөлшек саудада сату мен дүкен сөрелерінде импорттың сіресіп тұруына байланысты қиындықтар мен кедергілер сөз болды.
Барлық тараптар бұл ахуал қазіргі күрделі геосаяси жағдайда елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіре түсетінін талқылады. Қысқасы, жергілікті өндіруші нақты қолдау таппайынша, оның дамуы тежеле бермек, яғни жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауына алып келмек.
Импорт алмастыру қазақстандық экономиканы тұрақтандырудың басты тетігі десек те, мамандардың ойынша, азық-түлік нарығында жергілікті өндірушілер өктемдік таныта алмайтын тұстар болғандықтан, әзірге сырттан тасылған тауарларға қанағат тұтамыз. Себебі жергілікті өндірушілер қазақстандықтарды толығымен сапалы да арзан өнімдермен қамтамасыз етуге қабілетті сегменттерде де әлі де әлсіз. Өйткені өнімдердің негізгі бөлігі сауда желілері арқылы сатылады, ал олар отандық тауарларды сатуға аса мүдделі емес. Желілерге ең төменгі баға бойынша өнімнің максималды көлемі қажет болса, мұны көрші Ресей мен Беларусьтің ірі өндірушілері оңай қамтамасыз ете алады.
Нәтижесінде, жергілікті нарық пен өнім сапасына бағытталған отандық кәсіпорындар мұндай бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Оған қоса өз тұтынушыларымыз да қолжетімді импорттық өнімнің неден жасалғаны туралы ойланып жатпастан, арзанын таңдайды. Осының бәрі қордалана келе азық-түлік сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бұл болашақта елдің денсаулық сақтау саласына ауыр тиеді және шығындардың артуына әкеледі.
Сонымен бірге кездесуде бөлшек саудадағы импорттық тауарлармен әділетсіз бәсекелестік тақырыбы да қозғалды. Мысалы, отандық өндірісті санитарлық-эпидемиялық бақылау органдары үнемі тексеріп отырады. Ал импорттық тауарлар Қазақстан нарығына кірген кезде бір рет қана тексеріліп, содан кейін үш жыл бойы импорттық өндіруші тексерусіз жұмыс істейді. Нәтижесінде, кездесуге қатысушылардың айтуынша, бақылаудың толық болмауы және төмен өзіндік құнға ұмтылу кезінде жекелеген шетелдік өндірушілер өз өнімдеріне заттаңбаларда көрсетілген ингредиенттерді қосуды қойғандықтан, тұтынушы тауарда онда қандай суррогат бар екенін біле алмайды. Қазақстандық СЭС бұл заңсыздықтарды қадағалауға тырыспайды. Себебі мұндай ауқымды тексеруге ресурстары жоқ. Сондықтан отандық өндірушілерге өзіндік төмен құнымен, бірақ тұтынушылардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жалған өніммен бәсекелесуге тура келеді. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, осы күмәнді өнімдерге тосқауыл қойылатын болса, онда ісіне адал отандық өндірушілер өз өндірісін арттыра алады.
«Былтыр қазан айында Үкімет қаулысымен «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бекітілді, оның міндетінің бірі – нарықты жергілікті өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету болатын. Бүгінгі таңда отандық ет өңдеу кәсіпорындары тұтынушыны сапалы өніммен жеткізуге дайын болғанымен, өкінішке қарай, әзірге Қазақстан нарығы импорттық өніммен мөлшерден артық толыққан, ал ағымдағы геосаяси жағдайды ескере отырып, импортты алмастыру бұрынғыдан да маңызды. Отандық өндірушілер үшін, әсіресе заңнамалық деңгейде, басым жағдайлар жасап, сауда желілерімен импортты алмастыру мәселесін реттеу қажет. Өндірушілер бұл мәселені өз бетінше шеше алмайды. Ал сауда желілері – азық-түлік өнімдерін сатудың негізгі арнасы. Мәселені шешу үшін өндірушілер тарапынан да, ритэйл тарапынан да мемлекеттік институттарды, сарапшылар мен бизнес өкілдерін тарту қажет деп есептейміз, дейді «Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы» атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам.
Отандық өндірушілер өздеріне қатысты сала мәселерімен бөлісті. Мәселен, олар отандық өндірісті сақтау үшін мемлекет тарапынан қолдау саясаты керек екенін кезекті рет алға тартты.
«Соңғы уақытта Ресейден тасылатын жұмыртқа саны көбейді. Себебі бұл өнімнің өзіндік құны әлдеқайда арзан. Қазақстандық құс фабрикаларының көпшілігі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шығынға батты. Өйткені жұмыртқа бағасын өзіндік құнынан төмен қоюға мәжбүр болды. Жұмыртқа тез бұзылатын өнім, сондықтан оны жылдам сату маңызды. Ал біздің нарықта арзан бағамен ресейлік өнім қаптап тұр. Оған қоса шекаралар жабылып қалғандықтан, біз өз өнімдерімізді экспортқа жібере алмадық. Қазақстандық жұмыртқа өндірушілер жылына 5 млрд жұмыртқа шығара отырып, ішкі нарықты өз өнімдерімен 100%-ға қамтамасыз етеді. Импорттық жұмыртқа біздің нарыққа келгенде, оған қоса төмен бағамен, нарық шамадан тыс толып кетеді. Біздің өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін кәсіпорындардың нарықтық бағадан төмен бағамен жемге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған жем қорларын құру қажет. Сондықтан біз үшін импорттық тауарды әкелуді реттеу мен жемшөп қорларын құру мәселесінде мемлекеттің қолдауы маңызды. Өнімді сатуға келетін болсақ, өндірушілер сауда желілерінде сатылған тауар үшін төлемдер бойынша кідіріске жиі тап болады, келісімшарт бойынша бір талап, іс жүзінде жағдай мүлдем басқа», дейді «Алсад Қазақстан» ЖШС қаржы директоры Эльдар Айгинин.
Тағы бір өзекті мәселе – қазақстандық тұтынушылар арасында азық-түлік патриотизмін тәрбиелеу, оған мемлекет те, жақында «Қазақстанда жасалған» науқаны өткізілген супермаркеттер де қатыса алады. Өкінішке қарай, отандық өнімдерге жарқын стикерлермен жабдықталған жеке сөрелер бөлінген пайдалы бастама қазір тоқтатылды. Әрине, тұтынушылар өнімді Қазақстанда өндірілгендіктен ғана сатып алмауға тиіс, бірақ олар өздерінің сапалы артықшылықтары туралы да білуі қажет және жергілікті өнімдерді сатып ала отырып, қазақстандықтар өз экономикасын жандандыруға, жұмыс орындарын ашуға септесетінін, осының есебінен ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салынатын жергілікті бюджетті толықтыратынын есте ұстағандары жөн.
Сауда желілерінің мөлшерін реттеу мен олардың нарықта үстемдігін болдырмауды көздейтін еуропалық үлгі бойынша заңнамалық деңгейде отандық өндіруші үшін басым жағдайлар жасалған кезде, олардың иелерінің пайдасы бәрібір сақталады. Өйткені олар бүгінде өндірушілер есебінен алған бонустар мен айыппұлдардың алуан түрлерінен емес, сауда үстеме бағасынан кіріс алуды жалғастырады.
Сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының өкілдері қазір көзге ұрып тұрған импорт үстемдігі тұтынушыларға да, өндірушілерге де, мемлекетке де тиімді емес деп санайды.
«Атамекен» үшін мүдделер теңгерімін сақтау маңызды, себебі палата барлық кәсіпкерлердің мүдделерін қолдайды. Бірақ біз бөлшек сауда желілерінде өнімді сату кезінде үлкен қиындыққа тап болатын отандық тамақ өндірушілердің мұңын естиміз. Қордаланған мәселелерді талқылау үшін «Атамекен» алаңын ұсынуға дайынбыз. Еркін сауда қағидаттары, сөзсіз, маңызды, алайда біз үшін елдің азық-түлік қауіпсіздігі де маңызды. Барлық мүдделі тараптардың, сауданы реттейтін мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен оңтайлы шешімді бірге таба алатынымызға сенімдіміз», дейді «Атамекен» ҰКП Жетісу облыстық филиалының басшысы Дәурен Оңалбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар азық-түлік өндірісі саласына жетекшілік ететін мемлекет өкілдері отандық өндірушілердің өтініштерін тыңдап, қазақстандық өнімдердің ел нарығындағы үлесін арттыруға қатысты шаралар қабылдайтынына сенім білдірді. Өйткені жергілікті өнімдерді сату мәселесі Қазақстанның барлық өңірінде өзекті болып тұр. Мемлекет тарапынан нақты позицияның болмауына байланысты елдің азық-түлік нарығындағы ойын ережелерін сауда желілері белгілейді. Ал қазақстандық өндірушілер өндіріс пен жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр. Бұл жағдай еліміздің экономикасы мен қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатына қауіп төндірмеуге тиіс.
АЛМАТЫ