«Вуэльта» көпкүндігінің бесінші кезеңі аяқталды. Өкінішке қарай, «Астананың» велошабандоздары көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмай келеді.
Испанияның солтүстігіндегі Ирун мен Бильбао қалаларын жалғастыратын 187 шақырымдық қашықтықта Вадим Пронский сегізінші орынды иеленді. Жерлесіміз бірінші орынды олжалаған испаниялық Марк Солерден (UAE Team Emirates) біраз қалып қойды. Екінші және үшінші орындарды ОАР-дың өкілі Дэрил Импи (Israel - Premier Tech) мен ұлыбританиялық Фред Райт (Bahrain – Victorious) еншіледі.
Жалпы есепте Парижде іргетасы қаланған Groupama – FDJ клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 32 жастағы Руди Молар көш бастады. Фред Райт екінші орынға көтерілсе, Германияның Team DSM командасының жейдесін киген неміс спортшысы Никлас Арндт үздік үштікті түйіндеп тұр. Ал «Астананың» көшбасшысы Мигель Анхель Лопес 32-сатыға табан тіреді.