Ресейдің Челябі қаласында өтіп жатқан «Губернатор кубогы» жолындағы жарысты Нұр-Сұлтанның «Барысы» жеңіспен бастады.
Тұсаукесер кездесуінде жерлестеріміз Екатеринбургтің «Автомобилисінен» айласын асырды. Дәл осы командадан «Барыс» осыдан бірер күн бұрын Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған «Президент кубогының» овертаймында жеңілген еді. Бұл жолы кеткен есені қайтарды. Бірінші кезеңнің бел ортасында Джесси Грэм берген әдемі пастан кейін Никита Михайлис есеп ашты. Үзілістен кейін де осы есеп сақталды. Тек үшінші кезеңде ғана екі команда ширақ қимылдап, бір-бірінің қақпасын аңдумен болды. Ақыры дамылсыз шабуылдар өз нәтижесін берді. 50 минутта Брукс Мэйсек таразы басын теңестірді. Бірақ «Автомобилист» ойыншыларының қуаныштары ұзаққа созылмады. Арада екі минуттай уақыт өткенде Михайлис нысананы қайта дәл көздеп, матчтың соңғы нүктесін қойды – 2:1.
Кеше «Барыс» жергілікті «Трактор» клубымен күш сынасты. Келесі ойынды елордалықтар сенбі күні Магнитогорскінің «Металлургімен» өткізеді.