Шымкенттіктер 30 тамыз – Конституция күнін атап өтті. Айтулы мереке қарсаңында мегаполистегі «Түркістан» сарайында салтанатты кеш ұйымдастырылып, іс-шараға зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, қарапайым еңбек адамдары, депутаттар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты.
Мерекелік жиын дала демократиясы үстем құрған орта ғасырдағы қазақ қоғамының көрінісін бейнелеген шағын қойылыммен басталды. Қазақтың азулы Төле, Қазыбек, Әйтеке билерінің Ұлы дала заңына сүйеніп, әділ шешім шығарған, сот төрелігін жүзеге асырған дәуірі көрсетілді. Кештің ресми бөлігінде еліміздің Көк туы жауынгерлік саппен сахна төріне шығарылып, бүкіл зал толы халық қосылып айтқан Әнұранымыз шырқалды.
Содан соң мінберге көтерілген қала әкімі Мұрат Әйтенов барша жиналған жұртты Конституция күнімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
– 30 тамыз – Конституция күнімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Биыл 27 жыл толып отырған Ата Заңның қабылданған күні еліміздің ең қастерлі, ұлық мерекесінің бірі. Конституция – еліміздің заңдар ережелерінің құқықтық негізін қалаған, бейбітшілік пен татулықты сақтауға кепіл болған құнды құжат. Тарихқа үңілсек, хандар тұсында қазақтың құқықтық жүйесі қалыптасып, олардың орындалуы билер тарапынан қадағаланып отырған. Ал 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қабылданды. Конституцияның арқасында Қазақстанның құқықтық мәртебесі асқақтап, әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналды. Өмір болған соң уақыт өте келе барлығы да өзгереді. Сол секілді Ата Заңға да заман талабына сай жаңғыртулар керек болды. Осыған байланысты биыл 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізуге орай референдум өтіп, соның арқасында Басты Заңымыздың үштен бір бөлігі қайта жаңғырды. Енді Қазақстан жаңарған Конституциямен жаңа дәуірге қадам басты, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы халық пен билікті жақындата түскен, саяси реформалардың бастауы болған, ұлттық модернизацияның қайнар көзіне айналған Конституциямыз жасай берсін деген тілегімен баяндамасын қорытындылады.
Осы күнгі мерекелік жиында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің және кәсіподақтар төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Әлтеев те жұртшылықты Ата Заңымыздың төл мерекесімен құттықтады.
Оның айтуынша, Негізгі Заңның арқасында елімізде әрбір азаматтың құқығы қорғалған. Бейбітшілікті сақтауда өлшеусіз үлес қосып отырған да еліміздің бас құжаты – Конституция екені даусыз. Ата Заң барлық ереженің түп қазығы, негізі. Бүкіл заңдар соған барып табан тірейді. Елдегі саяси өзгерістер, реформалар Ата Заңның аясында жүзеге асуда. Әрі ол экономикалық жаңғырудың басты кепілі. Қоғамдағы барлық ілкімді жаңалықтың жаршысы Конституциядан келіп шығады.
– Әрбір елдің азаматы бірінші кезекте өзінің құқығын білуі керек. Ал оның құқығын қорғайтын, елдің елдігін белгілейтін ол – Ата Заң. Сондықтан Конституцияның орны әрқашан өзгеше болып тұрады. Қазақстан бас құжатты жеке-дара қабылдаған жоқ. Оның алдында АҚШ, Англия, Франция секілді мемлекеттердің Конституцияларын зерттеп, зерделеді. Сараптап, саралады. Соның негізінде адам құндылығын, демократия қағидасын бірінші орынға шығарған өзіндік Ата Заңын жасап шығарды. Әрине, Конституция да өзгермей тұрмайды. Сұранысқа, жағдаяттарға қарай ол да мазмұнын түрлендіріп отырады. Бұл жуырда елімізде өткен конституциялық реформаға қатысты айтылған әңгіме. Референдумның арқасында кезінде тек Парламенттің мақұлдауымен қабылданып кеткен Ата Заңның кейбір баптары алынып тасталды. Мұны демократияға, халықтық билікке қарай жасалған құтты қадам деп қабылдаған жөн, – деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Мерекелік іс-шара барысында өңір басшысы ерен еңбегімен көзге түскен түрлі саладағы бір топ еңбек озаттарын марапаттады. Концерттік бағдарламаға ұласқан жиын соңында Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары, «Қаратау» фольклорлық ансамблі, Опера және балет театрының симфониялық оркестрі, «Қазына» би ансамблі өнер көрсетсе, Қазақстан эстрадасының шоқжұлдыздарының бірі «Алашұлы» тобы патриоттық әндерімен көпшілікті тәнті етті.
ШЫМКЕНТ