Емханалар деңгейінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі жыл сайын артып келеді. 2022 жылдың 4 айында бейінді мамандар 97 млрд теңгені құрайтын 54,6 млн консультация мен диагностикалық зерттеулер қызметін көрсетті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп.
МӘМС жүйесін енгізу медициналық көмекті қаржыландыру көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік берді. 2022 жылы ТМККК және МӘМС пакеттерін қамтамасыз етуге 2 трлн-нан астам теңге бағытталды. Бұл ретте биыл медициналық көмекті сатып алу жоспарында амбулаториялық-емханалық жағдайдағы консультациялық-диагностикалық қызметтерге қаржыландыруды өткен жылғы 186 млрд теңгеден 283 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген.
4 айда бейінді мамандардың 54,6 млн консультациясы мен диагностикалық зерттеулері 97 млрд теңге сомасына көрсетілді. Оның ішінде қымбат тексерулер (КТ, МРТ, ПЭТ) бойынша 510 мыңнан астам қызмет көрсетілді.
«Пациенттердің консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу кезіндегі мәселесі – бейінді мамандардың қабылдауын күту, диагностика мен талдауға жіберу ұзақтығы. Жоспарлы медициналық көмек пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар мен жағдайлар кезінде көрсетілетініне және сәл кейінге қалдыру пациенттің жай-күйінің нашарлауына әкеп соқпайтынына қарамастан, пациент консультациялық немесе диагностикалық қызметті 10 күннен артық күтпеуге тиіс. Бұл мониторинг ережелерімен бекітілген. Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасай отырып, медициналық қызметтерді көрсететіндер толық көлемде тиесілі көмекті ұсынуға міндеттеме алады және бұл көмектің қолжетімділігі мен сапасы жауапты болады», деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Медициналық көмектің сапасын бағалау департаментінің директоры Лаззат Шоманова.
Егер медициналық ұйымда бекітілген халыққа дербес және уақтылы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі болмаса, ол қордың басқа да қызмет көрсетушілері қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті. Бүгінгі таңда базада 2 мыңнан астам әлеуетті орындаушылар бар.
Қаржыландырудың айтарлықтай өсуі есебінен жүйеге жаңа медициналық қызмет көрсетушілердің келуі қамтамасыз етіледі. Қормен шарт жасасқан 1 426 медициналық ұйымның 744-і (52%) – жекеменшік нысанындағы клиникалар.