Қазақстан Google-ден контентті өшіріп тастауға өтініш беру бойынша әлемдік рейтингте үшінші орынды иеленеді. Internet Freedom құқық қорғау ұйымының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен алған ақпараты бойынша 2014-2022 жылдар аралығында Қазақстанда 95 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған.
Ranking мәліметі бойынша бұғаттаудың ең көп таралған себебі – қатыгездік пен зорлық-зомбылық, суицид және порнография культін насихаттау. Бұл – бүкіл бұғаттаудың 42 пайызы. Екінші орынды 33 пайызбен терроризм және діни экстремизм идеясын насихаттау тұр. Сонымен қатар біздің еліміз Google-де жарияланған контентті өшіріп тастауға өтініш беру бойынша Индонезия мен Ресейден кейінгі үшінші орында екен.
2011 жылдан бері Google контентті өшіруге берілген өтініштерді тіркеп, бұл туралы ақпараттарды хабарлай бастаған. Қазақстан халықаралық компанияға 532 рет өтініш білдірген. Бұл өтінімдерде ел билігі компанияның түрлі сервисі, соның ішінде YouTube пен веб-іздеу жүйесіндегі 260 мыңнан астам контентті өшіріп тастауды сұраған.
Ал Google өз тәртібі бойынша материалды өшіруден түрлі себептер негізінде бас тартуы мүмкін: «Кейбір өтінімдерде нақты нені өшіру туралы ақпарат болмайды. Басқа жағдайларда автордың өз бетінше контентті өшіргені белгілі болады».
Сонымен қатар барлық келіп түсетін сот шешімі нақты әрекеттерді талап етпейді. Компания стастикасына сәйкес, Google билік өтінімдерін сирек орындайды. 2021 жылдың екінші жартысында компания Қазақстан билігі өтінішінің 94,9 пайызын орындаудан бас тартқан.
Қазақстанның мазмұнды алып тастау туралы сұрау салуларының екінші ең көп тараған себебі – Үкіметті сынау болды (соңғы 10 жылда 21 пайыз). Соңғы екі жыл бұл параметр бойынша рекордты болды: 2020 жылы ел Үкіметін сынауға байланысты Қазақстан Google-ге 44 рет, 2021 жылы 47 рет өтінім жіберген.