Орталық Азияны отанына айналдырған түркілер «еуроцентристердің» жасанды пікірі бойынша: «шетінен көшпенді өмір сүріп, тұрақты мекендерді салмаған». Ғылымға негізделмеген осындай қияли пікірлерді әшкерелейтін, отырықшы мәдениетінің орталығы болған Орталық Азия түркілерінің қалалары мен тұрақты мекендері қола дәуірінде пайда болып, ен жайып, тарихтың кейінгі кезеңдерінде ірі қалаларға айналған.
Оны айғақтайтын мәдени ескерткіштерді Қазақстанның барлық аймағынан археологтар ашып жатыр. Олар Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бойынан ғана емес, Қазақстанның басқа да аймақтарынан табылды. Өйткені Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстан қалаларының үстімен өткен.
Осындай ортағасырлық белгілі қалалардың бірі – Құлан. Ол бізге жердің қойнауына түгелімен енген археологиялық ескерткіш түрінде жеткен. Бұл қаланың орны Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы Луговое (қазіргі Құлан) ауылы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы бойында жатыр. Қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу XIX ғасырдың соңында В.В.Бартольдтан басталады. В.В.Бартольд экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (Луговое) арқылы өтіп бара жатып былай деп жазған: «...жолды бірнеше қиғаш кесіп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе элипс тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған». Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылған екінші үйінді жалдың іздері кездеседі. Ол сонымен қатар көне құрылыстардың қалдығы – төбешіктер туралы да жазып кеткен. Қала территориясына жасалған алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1936 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетісу археологиялық экспедициясы жүргізді (А.Н.Бернштам). Қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы отырықшы қоныстарының Луговое төңірегінде б.з.б. I ғасырларда пайда болғаны анықталды. 1963-65 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясының Луговое отряды қаланың айналасындағы жеке тұрған төбешікке қазба жұмыстарын жүргізсе, 1987 жылы Қазақ КСР ҒА ТАЭИ-ның тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы Луговое «A» қамалына қазба жұмыстарын жалғастырып, Луговое «B», «Г» қамалдарына қазба жүргізді. Қазақстан тарихи мәдени мұра жағынан әлемде алдыңғы орындарды иеленсе, облыс көлемінде 1 100-ден астам тарихи ескерткіш тіркелген, соның ішінде негізгі аймақтардың бірі Құлан өңірі екені даусыз.
Алғаш рет Құлан қаласы жазба деректерде VIII ғасырдан белгілі. Қытайлық тақуа Сюань Цзяньнің жолжазбасында және Тан династиясының шежіресінде Құлан «Цзюйлань» деген атпен аталды. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың географиялық орны және сипаттамасы жазылған. Ибн Хордадбех пен Кудама Құлан қалашығы Тараздан он төрт фарсах жерде орналасқан дейді. Сонда Кудама былай деген екен: «...Тараз бен Құланның арасы Солтүстік жақтан он төрт фарсах. Одан әрі шөлейт. Құм мен қиыршық тас. Оның іші толған ехинда (ехинда денесі тікенек инеліктермен қапталған шағын жануар. Тиіп кетсең инесі қадалып, удай ашытады) өріп жүр. Осы табиғат қимақтардың жеріне дейін кете береді».
Географиялық сөздіктердің авторы Якут – өз еңбегін XIII ғасырдың 20 жылдары жазған ғалым. Ол Құлан туралы: «Құлан – түркі елінің шекарасындағы, Мауереннахр жақтан қосылған сүйкімді қала» дейді. Құлан қалашығымен бірқатар тарихи оқиға астасып жатыр. Айталық, 740 жылы осында түргеш кінәзі Курсул ең соңғы батыс түркі қағаны Ашина Сыньды өлтіреді, 840 жылы Құланға араб әскерлері дүбірлетіп жетті. Бұл қаланың орнын табуға оның екі ортағасырлық қаланың ортасында тұрғаны көмектесті. Батыста Құланнан 14 фарсах жерде Тараз тұр. Шығыста 4-ақ фарсах жерде Миркидің орны жатыр». Оның атауы сол күйінде қалған – Меркі. Сондықтан кезінде В.В.Бартольдтің Луговое деп жүргеніміз сол Құланның үстінде тұрған дегені ақылға қонады.
Қаланың осы қалпы Х ғасырға дейін өзгерместен тұрған. Құрылыс жүргізу техникасымен және қыш жасау үлгілерінің Жетісу, Орта Азияға кең тарауына және де басқа белгілерге сүйене отырып ғалымдар оны VII-VIII ғасырларда тұрған қала деп тапты. Ол дата қарахандықтардың қола ақшасында да көрсетілген. Теңге ақша еденнен табылған. Ортадан аула тастап, айналдыра баспана салу Шу алқабында, Қызылөзен, Бурана, Ақтөбе қалаларында да жиі кездеседі. Бұл өлкелерде байлардың үйлерінің қабырғасы оймышталған сылақпен әрленген, түсі қанық бояулармен сырланған, терезе жақтаулары күйдірген майда кірпіштермен көмкерілген. Терезелер дөңгелек болып әйнек орнатылған. Үйлердің көлемі, бөлмелер саны, кіреберістің көркемделуіне қарап бұл бай-көпестің үйі ме, ірі жер иеленушінің мекен жайы ма, алақанының ашылып, жабылуы ақша тұратын кердең шенеуніктің үйі ме – бәрін білуге болады. Қарапайым кәсіпшілердің үйі, әрине, кішігірім, өз тірлігіне сай қосымша қора, шеберханалары өз ауласында болған. Қалашықтың айналасынан елді мекендер, қамалдар ашылып алынды.
Археологтар мен тарихшылар Орта Азия мен Қазақстанның отырықшы-егіншілік кезеңінің гүлденген тұсы Х-ХII ғасырларға сай келетінін анықтады. Ортағасырлар кезеңінде Қазақстанда гүлденген ондаған қалалар өмір сүрген. Олардың тамаша архитектуралық үйлесімділіктері, сарайлары, мешіттері, ұлық мавзолейлері, медреселері, ұстаханалары, шеберханалары кімді болсын таңғалдырмай қоймаған. Сол кездегі қоғамның дамуы қолөнердің, ғылымның, өнердің, архитектураның шыңына жеткендігінен көрінеді. Археологиялық деректер мен жазба мәліметтер куә болғандай, ерте ортағасырлардағы Қазақстан қалаларының тұрғындары үйсіндер, қаңлылар, соғдылықтар, түркілер болған. IX-XII ғасырлардағы ортағасырлық авторлар түркі қалалары жайлы мынандай деректер қалдырған. Бұл – қарлұқ, чарұқ, қимақ, оғыз, қыпшақ, жікіл, тухси, қаңғарлардың (көне түркі тайпалары мен халықтары) қалалары еді. Тараз «бата алған түркі-чарұқтар қаласы» деп аталған. Құлан, Қасрыбас, Көлшөп, Жолшөп қалаларында қарлұқтар тұрды. Талхир жікіл мен қарлұқтардың шекарасында орналасты. Ал қарлұқтар астанасы Қаялық болды. Алакөл мен Ертіс маңында қимақтардың Гаган, Карантия, Дамурия, Имакия, Сараус, Дахлан, Банжар, Астур қалалары орналасқан.
Жетісу мен Сырдария өзендерінің бойында оғыздардың Хиям, Горгуз, Дахлан, Гарбиан, Қарашық, Янгикент қалалары бар. Отырар, Янгигент,Төменгі Барысхан, Қаялық және т.б. ортағасырлық қалалар секілді Құлан да түркіше атауды иеленген. Құланды мекен еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды», деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлұқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ, Құлан – түркі тектес халықтардың мекені.
Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккендері археологиялық қазбалардан белгілі болып отыр. Құланнан, Меркіден, Аспарадан табылған жәдігерлерге үңілсек, бұл өлкеде тамақ өнеркәсібімен бірге қолөнер ерекше дамығанын байқауға болады. Соның сарқыншақтары әлі де сақталған. Құланнан шарапхана орындары аршылды. Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңірін құлазытқан, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ орда, одан соң Алтын орда тағына ұмтылды. Бұл шын мәнінде түркітілдес, тектес халықтардың мемлекеттік құрылымының әлсіреуіне, қажет десеңіз жойылуына жақындатты. Сол кезде Шыңғысханның Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңіріне билігін жүргізетін Шағатай ұлысы өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді. Алайда олардың әрекеті көңілге қонбады. Өзінің басына төнген қауіптен құтылу үшін, бірлігі мен ынтымағы бұзылған ұлысты қайта біріктіру үшін өзге мемлекетке шабуыл жасады. Осыны пайдаланып Әмір Темір Ақ орданы да, Алтын орданы да, Моғолстанды да бөлшектеп, быт-шыт етті. Нәтижесінде XV ғасырдың басында Әмір Темір дегеніне жетті. Сөйтіп, кезінде атын айтудан қорқатын мемлекеттерді өз ұрпақтарына ұлыс ретінде билікке берді. Б.Бартольдтің жазуынша, Әмір Темір Сайран, Ианги, Тараз, Құлан, Аспараға иелік етуді ғалым немересі Ұлықбекке берді.
Тарихшылардың айтуынша, Ұлықбек бұл өңірде қала мәдениетін жоя бастағандай. К.A.Пищулина «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан XIV ғасырдың ортасы –XVI ғасырдың басында» атты еңбегінде осы екі ғасырдың тоғысында Оңтүстік-шығыс Қазақстан ежелгі қалалық мәдениетінен түгел айырылды дегенді айтады. Бәрі өтпелі. Әмір Темір де, Ұлықбек те мәңгілік билік құра алмады. Түркі халықтары бірте-бірте шағын топтан ірі мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілгендей болды. Моғолстанға күш көрсететіндей деңгейге көтерілген Әбілхайыр хандығы шаңырақ көтерді. Алайда алауыздық тағы да оны ірітті. Соның салдарынан олардың өмірі де ұзаққа бармады. Әбілхайырмен сыйыса алмаған кейбір ру басылары мен тайпа жетекшілері іргесін кейінге ысыра берді.
Осы сәтте «біз қазақпыз» деген Жәнібек пен Керей сұлтан бастағандар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап Шу бойына Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тікті. Осылайша Құлан, Меркі, Acпара, ежелгі Баласағұн – Жетісудың шетінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді. Бұл кезде Құланның ежелгі орны төмпешік болып, өткен күннің тарихын ішіне бүгіп жатқан болатын. Қазақстанның қалалары саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарып қана қоймай, қолөнердің, сауда мен ауыл шаруашылығының шоғырланған орны да болды, сонымен бірге олар ғылым, білім мен мәдениет ордасы еді.
Өлкеміздің осындай бай тарихы бағзы замандардан бастау алатынын үнемі сабақ барысында оқушылардың есіне салып отырамыз. Көшпелілер өркениетінің мәңгі өшпейтін белгісі ретінде кәрі тарихтың сақшысындай болып бұл қалалар біздің уақытымызға дейін жетті.
Қадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Көгершін ауылы