• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2022

Жаңа Қазақстан жастарға арқа сүйесе

654 рет
көрсетілді

Елімізде күзгі қоғамдық-саяси науқан өте қызу басталды. Алдағы бір жыл Президент және Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтетін тартысты кезең болғалы тұр. Президент жолдауында айтылған сан-салалы өзгерістерден жастар қауымы тыс қалмайтыны бізді қуанышқа бөлеп отыр.

Жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын белгілеп, экономикалық саясаттың жаңа форматын ұсынып отыр. Бұл орайда көптеген факторлар – еліміздің салық жүйесін цифрландыру, электр және кәріз жүйесін жаңғырту, тарифтерді реттеу бойынша көптеген күрделі мәселелер көтерілді. Атап өту керек, мемлекет пен жекеменшік сектордың бірлесе жұмыс істеуі, жеке кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсету – бұрыннан басымдыққа ие сала болатын. Қазіргі таңда ұланғайыр даламыздың басты мәселесі – республика және жергілікті деңгейдегі автожолдардың сын көтермес жағдайы болып тұр. Әсіресе біздің Батыс Қазақстан облысында күйіп тұрған тақырып! Мемлекет басшысы Жолдауында қалааралық, ауыларалық жол құрылысы бойынша нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда Ақ Жайық өңірі тұрғындарын толғандырып, халықтың зар-мұңына айналған осы мәселе тезірек шешілсе дейміз.

Кез келген мемлекеттің тірегі, келешегі – жастар. Қазіргі таңда бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі біз үшін өте маңызды. Өйткені еліміздің ары қарай дамуы, өркендеуі болашақ жастардың қолында. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы атап айтты. Өз басым мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ең жоғары деңгейде назар аударылғанына қуандым. Өскелең ұрпақ бойына білім мен тәрбиенің іргетасын құятын жер – балабақша. Алдағы күндері балабақша тәрбиешілерінің мәртебесі көтерілетініне қуаныштымыз.

Әлеумет үшін ерекше әсері бар жаңалық – ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі дер едім. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын ең төменгі жалақы 60 мың теңге болатын, енді ол 70 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Мен өңірдегі жастар ресурстық орталығының басшысы ретінде бұл өзгерістің нақты қандай әсері боларын жақсы білемін. Өйткені ең төменгі жалақы алатын топтың елеулі бір бөлігі – жастар. Мысалы «Жасыл ел» құрылыс жасақтары жаз мезгілінде түрлі бағдарлама бойынша қызмет етеді. Жалақының өсуі жастарға қосымша мотивация болатыны анық.

Президент алдағы жылда 100 мыңға жуық жас жаңадан жұмыспен қамтылатынын айтты. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы жастарының 3,9 пайызы жұмыссыз саналады. Егер Мемлекет басшысының тапсырмасы толығымен жүзеге асса, біз бәріміз осы іске жұмылсақ, Ақжайық өңірінде жұмыссыз жас қалмайды деген ойдамын.

Қазіргі таңда жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, жас кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қорғау, қолдау бар екенін білеміз. Бірақ Президент жолдауында айтылғандай, жастар кәсібін мемлекет тарапынан 2,5 пайыздық өсіммен несиелендіру – өте үлкен көмек, қолдау болмақ. Тек бұл бағдарламаны жан-жақты талқылап, әр өңірден ұсыныс-пікірді жинап, нақты шешім қабылдау керек деп есептеймін.

Жолдауда көтерілген ең ерекше әрі маңызды жаңалық – ел Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы. Қазіргі геосаяси күрделі кезеңде бұл өте дұрыс шешім. Себебі нақты реформаны бастап, жүзеге асыру үшін жеті жыл – жеткілікті уақыт. Одан кейін мәслихат пен Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанында аренаға жаңа кадр, жас буын көбірек шығады деп күтемін. Бізде әлемдік деңгейде білімді, сапалы жастар бар. Халықтың мұң-зарын тыңдай білетін жастар бар. Жаңа толқын депутаттары арасында солардың үлесін молырақ көргім келеді.

 

Асылан ТӘПИШЕВ,

«Батыс Қазақстан облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының  президенті,

Батыс Қазақстан