• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2022

Жаңа Қазақстанды құру жолында ауқымды жұмыс күтіп тұр

389 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады.

Мемлекет басшысының Жолдауын үкіметтік емес ұйымның ұжымы бірге отырып тамашаладық. Шынын айту керек, бұл жолғы Жолдаудың мәні ерекше болды. Күтпеген жаңалықтарға, сенсацияға толы болды десек қателеспейміз.

Президент халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып айтып, елдің көңілінен шығатын реформалар мен жоспарларды да ортаға салды. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елде әлеуметтік мәселе жиі көтеріле бастады. Қымбатшылық бір жағынан қысса, кейбір тауар тапшылығы халықтың еңсесін басты. Осы орайда Президент сапалы, батыл әрі жылдам әрекет жасайтын мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру керектігін күн тәртібіне шығарды.

Ең бастысы басқару жүйесіндегі реформаны Президент алдымен өзінен бастағаны Жаңа Қазақстанға деген сенімді күшейте түсті. Әсіресе Мемлекет басшысының президент өкілеттілігін қысқарту және бір реттік мерзімге сайлану туралы ұсынысы көңілден шықты. Бұйыртса, келесі жылы халық қалаулылары қайта сайланып, Үкімет қайта жасақталса, жаңарған құрамда Жаңа Қазақстанды құру жолында үлкен еңбек басталмақ. Сонымен бірге президенттік сайлауды өз мерзімін күтпей алдын ала өткізу өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені алда тұрған реформаларды жүзеге асыруда саяси жағдайлар көңілді өзіне аудармау керек. Екіншіден саяси науқандармен жүріп, уақытты өткізіп алмау да маңызды.

Президенттің барлығымызды ерекше толқытқан сөзі әрине, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толмаған әрбір қазақстандық баланың жеке шотына аударуы жайында болды. Дұрыс қой, бала біздің болашағымыз. Елдің ертеңгі егесі де солар. Сондықтан бірінші кезекте солардың дұрыс тәрбиеленіп, қалыптасуына, ешкімнен кем болмай өсуіне жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Президенттің мұндай шешімі өз уақытында және өте әділ болды деп есептеймін.

Жалпы биылғы Жолдауда Қазақстанның жаңа саяси-экономикалық, әлеуметтік және құқықтық саладағы дамуы тарихымыздың тағы бір кезеңінің басталғанын аңғартты. Мұны демократиялық жолға жасалған батыл қадам деп түсінгеніміз абзал.  

Өз кезегінде жуырда Азаматтық альянс үкіметтік емес ұйымы Жолдауға байланысты Үндеу қабылдап, осы бойынша республиканың барлық азаматтық қоғам ұйымдарымен бірлескен конференция өткізуді ұйғарып отырмыз.

Жұмағали БІЛІСБЕКОВ,

Шымкент қаласы Азаматтық альянсының төрағасы

Шымкент қаласы