• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қыркүйек, 2022

«Ұлттық қор – балаларға»: Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама

4920 рет
көрсетілді

Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Бұны әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді.

Әсіресе, болашағымыз – балаларға мем­лекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет бас­шысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбірден соң, бұл бағдар­ламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық.

Президент ел көңілінен шыққан тың бағ­дарлама туралы жақында жариялаған «Әді­летті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтты. Оның бұл бастамасы әділетті қоғамның орнауы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бір­дей мүмкіндік беруден басталады дейтін ойы­мен толық үйлесіп тұр. Ендеше, аталған бағ­дар­лама жөнінде кеңінен сөз қозғамас бұрын Жолдаудан үзінді келтіргеніміз жөн болар.

«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары­лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Осынау жаңалыққа қанығып, қуанып қалған қауымды алдымен әр баланың еншісіне шамамен қан­ша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырды. Көпшіліктің сұрауымен сарапшылар өз есебі бойынша пікірін білдіріп бақты. Бұл ретте Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те арнайы жазба қалдыр­ды.

«Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағ­дарлама іске қосылады. Оған сәй­кес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнау­лы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», делінген оның жазбасында.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Шамалап көрсетілген бұл сома, яғни доллардың бүгінгі бағамымен есептегенде 1 млн 400 мыңнан аса теңгеден үміттеніп қалған біраз жұрттың ойлағанындай емес екені белгілі. Бірақ экономистер бұл жинақтың инвестициялық табыс есебінен арта түсуі мүмкін екенін де айтып жатыр. Осы орайда бірқатар сарапшыны сөзге тартып, пікірін білдік.

Экономикалық саясат инсти­тутының директоры Қайырбек Арыстанбеков «араб арманы» деген түсінік қалыптасқан осындай бағдарламаның біздің елімізде де жүзеге асырылатыны өте құптарлық қадам екенін айтты.

«Ұлы дала елінде кіндік қаны тамған әр балаға мұнай ғана емес, басқа да секторлардың табысынан қаржы бөлу Президенттің стратегиялық жағы­нан, ұлттық мүдде, ұлттық қауіп­сіздік тұр­ғысынан өте маңызды шешім болды. Бұл жерде енді ұлттық қор бол­ғанда экспорттық сектордан, яғни мұнайдан түсетін табыс меңзеліп тұр. Мен Парсы шығанағындағы халық­аралық конференцияға қатысқаным­да, араб елдері мұнайды Алланың рақым­шылығы, бізге бұйыртқан несі­бесі деп айтатынын байқадым. Тағы бірде Латын Америкасында болған экономикалық конференция­да Венесуэланың ғалымдарымен кез­дестім. Бұл елдің сарапшылары мұнайды ібілістің іріткісі, бәлесі деп біледі екен. Міне, мұнайға деген екі түрлі баға, кереғар екі көз­қарас. Венесуэлада мұнай халыққа қақ­ты­ғыс, қантөгіс, әлеуметтік қиын жағдайды алып келуге себеп болды, сондықтан бұл ресурс ол елде ырыстың емес, ырылдың көзі болды. Мұнда, әрине, мәселенің бәрі мұнайды тиімді пайдаланудан туады. Бұл ретте біздің елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынайын деп отырған «Ұлттық қордан – балаларға» бағдарламасы мұнайды халықтың несібесі ретінде қарауымызға жол ашқалы тұр. Ұлттық статистиканың кейінгі дерегі бойынша, жылына 420 мыңнан аса бала дүниеге келеді екен. Осыншама баланың болашағына әсер ететін бұл бастаманың тиімділігін халқымыз алдағы уақытта жақсы жағынан сезінеді деп ойлаймын. Мұнай демекші, Кеңес өкіметі атеизмнен емес, мұнайдың әсерінен тарқап кетті. Сол тұста Сауд Арабиясы мұнай өндірісін 6 есе ұлғайтты, нәти­жесінде, Кеңес өкіметінің 5 жыл бойы экспорттан түсетін валюталық табы­сы 4 есе құлады. Мұның арты социа­листік елдерді қолдауға қаржы жетіспеу­шілігін тудырып, ақыры алып одақ ыдырады, біз тәуелсіздік алдық. Яғни біздің елдің тарихында мұнайдың тағдыршеш­ті орны болғаны көрінеді», деді Қ.Арыстанбеков.

Дүние есігін ашқан әр баланың өскенінше есепшотына қаржы аудару туралы бағдарламаның сәтті іске қосылуы үшін 2024 жылға дейін уақыт берілді. Осы уақыт аралы­ғында бастаманы жүзеге асыру тетік­тері жан-жақты зерделенеді. Бұл жағы­нан сарапшылар қазірдің өзінде өз ойын айтып жатыр. Мысалы, біз сөйлескен белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Ұлттық қордан үлес түсетін әр баланың есепшоты Отбасы банкінен ашылғанын жөн санап отыр.

«Осындай ұқсас жобалардың екі түрі бар. Біріншісі – Ресей Федера­циясы мен Беларусь Республи­касында, онда мұндай жоба «Ана капиталы» деп аталады. Бірақ бұл мемлекеттерде бірден шамамен 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанға дейін қолдануға болмайды. Бұл қаржыны да тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Сондай-ақ Аляска мұнай қорының осыған ұқсас тәжірибесі бар. Алайда олар балаларға ғана емес, Алясканың әр тұрғынына жылына 2 мың доллар төлейді. Ал бұл тө­лемді алушылар қалағанынша жұм­сай алады. Төлемнің жалғыз шарты – алушы адам сотталмаған болуы керек. Ал елімізде Ұлттық қор­­дың ин­вес­­тициялық кірісінің 50%-ын әр­бір балаға бөлетін болды. Бұл жылы­на шамамен 250 доллар бола­ды. Осы орайда тұрғын үй са­тып алуды одан әрі жоспарлау оңай болуы үшін есепшотты бірден От­басы банкінен ашылатындай етіп жасаған дұрыс деп ойлаймын. Жал­пы алғанда, бұл бастаманың теріс ық­­па­лы бар дейтіндей қауіп жоқ, инф­­ля­ция­ға да қысым болмай­ды. Әсі­­ресе ал­ғашқы 18 жылда байқа­ла қой­май­­ды. Болашақта Ұлттық қор­дың та­­бы­­сы өсіп, бұл төлемдерді одан са­­йын кө­бейтуге мүмкіндік туады деп үміт­тенеміз», дейді О.Құдай­бергенов.

Өз кезегінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ди­рек­торының орынбасары Дана Әшімханова Мемлекет басшы­сының Жолдауында көрініс тап­қан адам капиталын дамыту бағытындағы бастамалары еліміздің демографиялық дамуына әсер ететі­нін атап өтті.

«Жолдаудың үшінші бағдарында айтылған ел болашағына арналған стратегиялық инвестициялар ең алдымен еліміздің басты құндылығы адам екенін айқындап тұр. Бұл месседждегі басымдық әлеуметтік сала мәселелерін шешу арқылы көрі­неді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру жүйесін жақсарту­дың кешенді тәсілі, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейін төмендету, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Ұлттық жобаларды тиімді іске асыру үшін халықтың демографиялық даму ерекшелігін, демографиялық қауіпсіздікті ескеру қажет екеніне назар аударғым келеді. Себебі Президенттің бұл бас­та­малары болашақта бала туу көр­­сеткішінің өсуіне немесе қазір­гі деңгейде сақталуына себеп болуы мүмкін. Бұл бірнеше мәсе­лені алға шығарады. Мысалы, туу деңгейінің өсуімен әлеуметтік инф­ра­құ­рылымның сәйкес келмеуі, еңбек нарығына үлкен салмақ түсуі және ескермеуге болмайтын белгілі бір тәуекелдерге әкелуі ықтимал. Президент ұсынған мемлекеттік сатып алу, экономика саласындағы нор­мативтік-құқықтық актілерді жаң­ғырту жөніндегі баста­маларға қоса, демографиялық мәсе­лелер саласын­дағы нормативтік-құқық­тық актілерді әзірлеу қажет. Нақты­­рақ айтқанда, іске қосыла­тын ұлттық жобалардағы бол­жамды бағалау және демография­лық қауіпсіздікке мән беру керек», деді Д.Әшімханова.

Жалпы, қоғамның орнықты дамуы­на арқау болатын әділет екені анық. Жаңа Жолдау жүктеп отырған міндет осы ұс­таныммен үндесіп отыр. Бұл, әл­бет­те, ел табысының шарапатын әр ша­ңы­рақтың сезінуінен байқалады. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасы ел болашағына деген үмі­тімізді арттырып, сенімімізді ны­ғай­та түсетін қадам болады деп ойлаймыз.