Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 15,5%-ды, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 13,5%-ды құрайды», делінген Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Шешім қалыптасқан экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып қабылданды. Логистикалық қызметтер құнының өсуінен, сауда әріптесі саналатын елдердегі жоғары инфляциядан және теңге бағамының рубльге қатысты әлсіреуінен туындаған сыртқы сектор тарапынан қысым сақталуда. Дегенмен әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді.
Бағаның өсуіне түрткі болған ішкі қозғаушы күштер арасында әлемдік нарықтардан кейін азық-түлік бағасының төмендеуін тежейтін және орта мерзімді перспективада сұраныс тарапынан жоғары қысым көрсететін ынталандырушы фискалдық серпінді атап өтуге болады.
Жоғары инфляция ішкі бағалардың сыртқы баға өзгерістеріне бейімделуіне негізделген, бұл қазіргі кезеңде ақша-кредит талаптарын қосымша қатайтуды талап етпейді. Бұдан басқа, 2022 жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеменің айтарлықтай артуының экономикаға әсері әлі де болса соңына дейін байқалмай отыр және шараларды түзету үшін кейіннен тиісті бағалау жүргізу қажет.
Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде қалып отыр. 2022 жылғы тамыздағы инфляцияның медианалық бағасы 16,5%-ды құрады.
«2022 жылы Ұлттық банктің Қазақстандағы экономиканың өсуіне қатысты болжамдары іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында қайта қаралды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, ірі кен орындарында күтілетін жоспарлы жөндеу және Каспий Құбыр Консорциумында сақталып отырған белгісіздік аясында ЖІӨ динамикасы 2,5-3,5%-ға дейін баяулайды», делінген хабарламада.
Орта мерзімді бағалау 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің өсуі аясында экспорттың өте жылдам өсуін көрсетеді. Мемлекеттік шығыстардың өсуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың жоғары динамикасы қосымша ынталандыру көздеріне айналады. Сонымен бірге, фискалдық ынталандырудың салдары болатын импорттың жоғары динамикасы ішкі сұраныстың өсуін ішінара теңестіреді. 2023 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқынының 4-5%-ға дейін жеделдеуі болжанып отыр. 2024 жылы ЖІӨ өсімі осындай деңгейде болады.
Қазіргі алғышарттарды ескере отырып, 2022 жылдың соңына таман инфляция 16-18% аралығында болжанады.
ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 24 қазанда Нұр-Сұлтан уақытымен 14:00-де жарияланады.