Тараз төрінде Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған «Ғұмыр-дария» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға әйгілі ақын арнайы келіп қатысты. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов облыс тұрғындары атынан алдаспан ақынға құрмет көрсетті.
Кеш басталмас бұрын фойеде келушілерге арналып «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауында Мұхтар Шаханов әндерінен радио-фон концерті ұсынылды. «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған жұртшылық ақын шығармашылығына арналған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көрмесін тамашалады.
Іс-шара барысында лэд экран арқылы Мұхтар Шаханов туралы замандастарының пікірлері беріліп, қаламгердің «Танакөз» поэмасы желісімен сахналанған композиция көпшілік назарына ұсынылды. Мерейтой иесі оқырман қауыммен сұхбаттасып, көкейкесті ойларын ортаға салды. Сондай-ақ ұлттық рухқа, сезім, көңіл күй лирикаларына негізделген жырларын шабыттана оқып, жырсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Бұл күні жергілікті әншілердің орындауында автордың тыңдармандарға кеңінен танымал әндері де шырқалды.
Кеш соңында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жуырда ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанған қайраткер ақынның шығармашылығын, ел дамуына, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегін айрықша атап өтті.
«Өзіңіздің ерекше талантыңыз арқылы халық мақтанышына айналып, ұлттық рухымызға негізделген қазақ поэзиясының асқақтауына айрықша үлес қосқан азаматсыз. Өлеңсүйер қауым сіздің шығармаларыңызды оқи отырып, бірде патриоттық рухқа, ұлтжандылық сезімге бөленсе, енді бірде махаббат жырын жырлайды», деді облыс әкімі.
Өз кезегінде ақын да қошеметке бөлеген жамбылдықтарға ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді.
Жамбыл облысы