Мал қайғы емес қазір жан қайғы. Барша отандастар қостанайлықтарды қолдайды. Алғашқылардың бірі болып Amanat партиясының әр өңірдегі өкілдері гуманитарлық көмек ұйымдастыруды қолға алды. Екі күннің өзінде 807 тонна қажетті заттар жиналып, апат болған аймаққа жөнелтілуде.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Amanat партиясының мүшелері Қостанай жұртшылығын қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Партия хатшысы Дәулет Кәрібек ел басына күн туғанда бірлігімізді танытудың маңызы зор екенін айтты.
– Қостанайдағы жағдайға барша отандастар алаңдап отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, қол ұшын созуға ниет білдіргендер көп. Әулиекөл ауданына қарасты Әулиекөл ауылындағы «Болашақ» стадионында орналасқан гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне Amanat-тың алғашқы гуманитарлық көмегі жетті. Азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, жеке гигиеналық заттармен қатар, құрылыс материалдары да бар. Партия хатшысы Ринат Кертаев бастаған депутаттар апат болған аймаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, проблемаларды шешуге кірісіп кетті. «Жастар Рухы» жастар қанатының әр аймақтағы мүшелерінен құралған 1000-нан астам волонтер гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға жұмылдырылды. Оның ішінде 300 жас зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысында жүр. Партия өкілдері әр тұрғын өз үйіне кіріп, қалыпты өмірге оралғанша тиісті көмек көрсетуді жалғастыратын болады, – деді Дәулет Кәрібек.
Партия хатшысы Ринат Кертаев отандастардың қолдауын көзбен көріп, сезініп, патриот азаматтардың көп екеніне қуанғанын жеткізді. «Сын сағатта қостанайлықтарға көмектесу – парызымыз. Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен барлық өңірлік филиалдарда пункттер аштық. Барлық партиялықтар қолдау көрсетті. Әулиекөл ауылындағы «Болашақ» стадионында орналасқан гуманитарлық көмекті қабылдау пункті екі күннің ішінде толды. Қостанай жұрты қолдау көрсетіп жатқан отандастарына алғысын білдіруде. Біз өз тарапымыздан зардап шеккен отбасылардың мектеп табалдырығын аттаған 34 оқушысына қажетті оқу құралдарын, киім-кешектерді сыйламақпыз. Өзге де көмектер үздіксіз көрсетіледі», деді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтаев жергілікті тұрғындар да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, татулықтарын танытып жатқанын айтты. Мәселен, Темір Хамитұлы деген азамат өртенген көліктегі ауылдасын құтқарамын деп денесінің 9 пайызын күйік шалған. «Тілсіз жауды ауыздықтауда кәсіби шеберліктерін көрсеткен төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына, сарбаздарға алғысымызды білдіреміз», деді А.Әлтаев.
Партияның Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожина бүгінде 21 гуманитарлық көмекті қабылдау бекеті жұмыс істеп тұрғанын айтты. Тәулік бойы қабылдайтын пункт те бар. Ол өз кезегінде барша қостанайлықтардың атынан қиын кезеңде қолдау көрсетіп жатқан қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Аmanat партиясы Орталық аппаратының ұжымы Қостанай облысындағы табиғи өрттерден зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету қорына бір күндік жалақысын аударатынын жеткізді.