Желіккен жасөспірімдер жаңа оқу жылы бастала салысымен құқық қорғау қызметкерлерінің назарына ілікті. Полиция қызметкерлері түн қатып қыдырған жасөспірімдерді құрықтады. Ойын-сауық ошақтары мен саябақтарда, тұрғын үйлердің аулаларында түнгі сағат 11-ден кейін еркін ойқастап жүрген ерке балалар жылдағы дәстүр бойынша рейдтік тексерулер жүргізілетінін қаперден шығарып алған секілді.
Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін тұрақты рейдтік тексеру жұмыстары барысында 42 жасөспірім анықталды. Неге екені белгісіз, жылда қыркүйек айының басында полиция қызметкерлері тексеру жүргізетінін біле тұра, ата-аналар балаларын түнгі уақытта бақылауға құлықсыз болып отыр. Өкініштісі, бұл жағдай жыл сайын қайталанады.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналды полиция инспекторлары тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда рейдтік іс-шаралар өткізген болатын. Нәтижесінде, ойын-сауық отауларында қорқор тартып отырған жеткіншектер құқық қорғау саласы қызметкерлерінің құрығынан құтылып кете алмады.
Тексеру барысында белгілі болғандай, ішкі істер органдарына 42 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізіліп, 46 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында болғаны үшін 1 мейрамхана қожайыны жауапкершілікке тартылды.
«Жаңа оқу жылының басталуына орай барлық көңіл көтеретін ойын-сауық орындары мен жастар жиі жағалайтын жерлер құқық қорғау органдарының жіті назарында болады. Біздің міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер жасаған және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ата-аналардан балаларының бос уақытын және байланыс ортасын қадағалауды сұраудай сұрап келеміз. Алайда нәтиже жоқ. Балалардың ешбір қадағалаусыз болуы заңға қайшы әрекеттер жасауға себеп болуы мүмкін», дейді Жамбыл облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Оксана Семенова.
Жамбыл облысы