• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қыркүйек, 2022

Бағаны тұрақтандырудың жаңа тетіктері әзірленді

265 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұ­манғарин ведомство бірқатар әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту бойынша жаңа тәсілдер әзірлегенін хабарлады.

Мәселен, қолда бар айналым қаражаты шең­берінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін қаржыландыру жоспарлануда. Бұл нарықты толықтырып қана қой­май, сонымен қатар жалпы қант саласын да­мытуға мүмкіндік береді. Қант зауыттары 136 мың тонна қант шикізатының үш ай­­лық көлемін сатып алып, жыл бойы тұ­рақ­ты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Өз ке­зегінде зауыттар 1 жылға 460 теңге/кг көлемінде босату бағасын белгілеу, зауыт­­тарды міндетті жаңғырту, сақтау қуат­­тарын ұлғайту және қант саласын дамы­ту жөніндегі жоспарды орындау бойын­ша нақты қарсы міндеттемелерді қабыл­дайды.

Картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жам­был облыстарының ірі өндіру­ші­лері­мен 4 млрд теңгеге дейін «айналым қара­жатын» ұсыну бойынша келісімдерге қол жет­кізілді. Бұл нарықты белгіленген баға бо­йынша көкөніс өнімдерінің қажетті көле­мімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сүт өнімдері, қарақұмық жар­­масы, күріш, күнбағыс майы, жұ­мырт­қа, әлеуметтік нан, ұн, тұз, сиыр еті мен та­уық етіне қатысты жаңа шаралар қа­был­дан­ады.

Премьер-Министр Сауда министрлігі ұсынып отырған жаңа тәсілдер жалпы қолдау табатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірқатар кемшіліктерге жол берген, сондықтан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру міндетін орындай алмады. Ол «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындаған жоқ.

«Елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатыр. Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін «айналым схемасын» тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Ә.Смайылов сауда үсте­месін бақылаудың формалды болуына және делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімсіз жұмысына назар аударды. «Басы артық делдалдарды анықтау жұмыстары назардан тыс қалды. Нәтижесінде, керексіз делдалдар көбейіп, бағаның тоқтаусыз өсіп бара жатқанын көріп отырмыз», деді Премьер-Министр.

Сауда министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесіне байланысты әкімдіктердің рейтингін жасаған болатын. Бұл рейтингке сәйкес көш соңында 2 өңір – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары қалып отыр. Ә.Смайыловтың айтуынша, бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды, ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Аталған фактілер барлық өңірлерге тән.

Премьер-Министр Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің жұмысына, оның ішінде, елді қантпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.

«Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра ал­мады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйым­дастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса ведомство басшылығының шешім қабыл­даудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды», деді Ә.Смайы­лов.

Оның айтуынша, АШМ тарапы­нан әкімдіктер мен ұйымдардың тиісті өнім­дерді жеткізуге уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларын уақы­тылы толықтыру жұмыстарын бақы­лау да әлсіз.

«Жұмысқа атүсті қарау немесе орын­дамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық ше­шімдер қабылдаймыз», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәсе­лесін талқылау барысында орталық мемле­кеттік органдар мен ұйымдардың және өңір­лердің арасында өзара үйлесімді жұмыс­тың болмауынан күрделі ахуал орын алып отырғанын мәлімдеді. Атап айтқан­да, Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты үйлесімділік жоқ. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» компаниясы мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақытылы жеткізбеген және мұнай өнімдерін өңірлерге тасымалдау үшін вагондарды беру кестелерін түзетпеген.

«Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есе өскен. Демек Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр «ҚазМұнайГаз» компаниясының салғырттығынан жер қойнауын пайдаланушылар болып табылмайтын жеке компаниялар мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеп, кейін ол жоғары бағамен сатылып отырғанын айтты.

Ә.Смайыловтың айтуынша, өңір­лердегі жеңілдікті жанар-жағармай операторларына қойылатын біліктілік талаптары мен оларды айқындау тетігі жоқ, бұл белгілі бір компанияларға «артықшылық берілуіне» жағдай жасайды. Бұған қоса Энергетика министрлігі же­ңіл­дікті жанармайдың шекті құнын белгі­лемеген. Сондықтан баға оператордың қалауы бойынша қойылады.

Аталған фактілердің барлығы өңір­лерде дизель отынының жасанды тап­шы­лығына және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты. Үкімет басшысы уақыты­лы шараларды қолданбағаны үшін Энерге­тика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», Petro­sun ЖШС және АМӨЗ лауазымды тұлға­лар­ына қатаң сөгіс жарияланғанын атап өтті.

Ә.Смайылов басы артық делдалдар бол­мауы үшін маржаның шекті сомасы мен соңғы құнын белгілей отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәсе­лелерін нормативтік тұрғыдан реттеуді тапсырды. «Аудандар мен шалғай елді мекен­дерде жанармай құю стансалары бар ком­па­нияларға басымдық берілуі тиіс», деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр жанармайдың мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлердегі сақтау орындары мен жанармай құю стансаларына дейінгі оңтайлы логистикасын қамтамасыз етуді, егін егу және жинау науқаны кезінде жанар-жағармай тасымалдау үшін теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарауды, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу үшін мұнай базалары мен ұсақ жанармай құю стансаларына бақылау жасау жөніндегі өңірлік комиссиялар құруды тапсырды.

Премьер-Министр өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша жергілікті жерлерде бөлшек сауда бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесін алдын ала пысықтауды және қатты отынды шалғай аудандарға жоспарлы түрде жеткізу бо­йынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.