Шығыс Қазақстан облысында алапат жалынның беті әлі қайта қойған жоқ. Өскеменнің іргесіндегі тілсіз жауды бірден ауыздықтағанмен, Марқакөл, Катонқарағай, Алтай өңірлеріндегі өрт бой бермей тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күршім ауданы, Марқакөл орман шаруашылығы аумағында орман әлі күнге дейін жанып жатыр. Қазір өрттің алдын ала аумағы 1 300 гектарды құрайды. Айта кету керек, жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Өртке қарсы күреске ШҚО ТЖД өрт сөндірушілерінің, орманшылар мен жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің 270-ке жуық адамы мен 34 техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндірушілерге тау бедерлері мен ауа райы қиындық тудыруда. Сондықтан МИ-8 тікұшағы және Еврокоптер тартылды. Бүгін өрт болған жерге суағар құрылғысы бар ТЖМ Қазавиақұтқару МИ-171 тікұшағы қосымша көмекке келмек.
Сонымен қатар Алтай ауданында «Зырян» орман шаруашылығы да өртенді. Тілсіз жаудың алдын ала аумағы 800 гектарды құрайды. Өртті ауыздықтау үшін суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы, 200-ге жуық адам мен 29 техника жұмылдырылды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Бүгін өрт болған жерге Семей қаласының №68303 әскери бөлімінің суағар құрылғысы бар Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы, жеке құрамның 50 адамы және 4 бірлік техникасы көмекке қосымша келеді.
Катонқарағай ауданында, Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде, «Ново-Березовка» орманшылығының аумағы өртенуде. Өрттің алдын ала болжағандағы ауданы 1200 гектар. Қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Бүгін қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің суағар құрылғысы бар МИ-17 тікұшағы көмекке қосымша келеді. Қызыл жалынды ауыздықтауға 280-нен астам адам мен 24 техника, ТЖД, орман шаруашылығы, ЖАО, халық, полиция жұмылдырылды. МИ-8 тікұшағымен 30 адам таудың басына «Балқарағай» учаскесіне жеткізілді. Өрт орнында жедел штаб құрылған.
Шығыс Қазақстан облысы