Өскемендегі Өнер музейінде қос бірдей сурет көрмесі өтіп жатыр. Бірі белгілі суретші Құдаш Нұрсадықовтың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылса, екіншісі «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің «Алтай ажары» атты көрмесі.
Әуелі айта кетерлігі, екі көрме де Құдаш Дәулетқанұлының есімімен байланысты. Неге десеңіз, шығыстың әр түкпірінде қылқалам ұстап жүрген жастардың басын біріктіріп, «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігін құрған Құдаш Нұрсадықов. Өнер десе, өмешегі үзіліп тұратын ол осыдан екі-үш жыл бұрын суретшілерді бір арнаға тоғыстырып, бірлестік құрды. Оны «Жаңғыру» деп атады. Ондағы мақсаты – таланты бола тұра көріне алмай жүрген жас қылқалам шеберлерін шыңдау еді. «Қазақтың өнерлі жастары аз емес. Бірақ қоғамда көріне алмай жүр. «Жалғыздың үні шықпайды...» демекші, бәріміз бірігіп іс қылсақ, берекелі болар деп ойладым. Бірлестікті «Жаңғыру» деп атағанымыз, осынау сурет өнерін өңірімізде жаңғыртайық, жаңартайық дедік. Ойымыз, арманымыз жүзеге асып келеді», дейді алпыстың асқарына шыққан суретші Қ.Нұрсадықов.
Аз уақыттың ішінде «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігі бірнеше рет салмақты, танымдық тақырыпта сурет көрмелерін өткізді. Ерекше айта кетерлігі, Алаш қайраткерлеріне арналған көрмені көруге келген халықта есеп болмаған. Өскеменде бұрын-соңды өткізілмеген бұл тақырыптағы көрме көпшілікті рухтандырғандай, жігерлендіргендей болды.
Ал бүгінгі Құдаш Нұрсадықовтың мерейтойлық көрмесінде пейзаждар, портреттер, сюжеттік көріністерді көрермен назарына ұсынылған. Қылқалам шеберінің картиналарынан ұлттық құндылықтың да иісі аңқиды. 1984 жылы Семей педагогикалық институтының графика факультетін тәмамдаған Құдаш Дәулетқанұлы осы уақытқа дейін бір сәтке қылқаламын қолынан тастамаған. Оның салған суреттерінің саны мыңнан асады. 2014 және 2015 жылдары Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі халықаралық көрмелерге, 2019 және 2021 жылдары Кипр мен Түркістанда өткен симпозиумдарға қатысты. Бүгінде ол «Сурет» балалар студиясында ұстаздық етеді. Қ.Нұрсадықовтың және «Жаңғыру» бірлестігінің шығармашылық көрмесін тамашалаймын десеңіз, облыстық өнер музейінің есігі әрқашан ашық.
Шығыс Қазақстан облысы