Бүгінде біз еліміздің шекарасы толық шегендеулі деп арқаны кеңге салып, тоқмейілситініміз бар. Бірақ мұның мәнін мәдени-рухани шекарамыздың ашық-шашық жатқаны жойып жіберетінін ескере бермейтіндейміз...
Қазақстанды сырт елдердің экономикалық, рухани-мәдени экспансиясына ұшырап, шетелдік жағымсыз ықпалдарға шарасыздық танытып, ұлттық иммунитетін көтере алмай отырған ел ретінде қарастыратындар көп. Жоғарыдағы айтылған көзқарастағы азаматтардың еліміздің шетелдіктердің экономикалық және рухани-мәдени агрессиясына лайықты қарсылық таныта алмай отырғанын меңзейтін пікірлерін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көптеп кездестіруге болады. Әрине, сондай пікірлердің барлығына бірдей бас шұлғып келісе беруге болмас, бірақ арасында шындыққа жанасатындары баршылық.
Интернет желілері арқылы ентелей, еш кедергісіз өмірімізге еніп жатқан, ұлттық құндылықтарымызға мүлде қарама-қайшы түрлі көрсетілімдер, өзегіне жымысқы көзқарасын бүккен жарияланымдар, жан түршіктірер ақпараттар ағынына шектеу қою арманға айналды. Оларға бақылау жасап, тоқтам салу мүмкіндігі өте төмен жағдайда. Бұл мәселеде шарасыздығымыз жүректі жаншиды.
Интернет әлемі – ұсынатын өнімінің ішінде жақсысы да, жаманы да, жақұты да, жасығы да кездесетін үлкен алаң. Міне, сол алаңнан өзімізге керегін, жақсысы мен жақұтын екшеп, талғап алуға үндейтін, соған заң жүзінде мәжбүрлейтін бір тетік керек-ақ болып тұр. Бірақ бұл қол жетпес арман секілді. Десек те, ең құрығанда жас балаларымыздың санасын улайтын, жанын жадағайландыратын, тарихи тамырынан, ұлттық танымынан адастыратын өнімдерге шектеу, бақылау қоюға болады ғой. Бұлай деуімізге бақылауға алуға мүмкіндік беретін, әдепсіз, жүгенсіз шығарылымдар мен жарияланымдарды ұсынуына тоқтам салуға болатын отандық телеарналардың кейбір жөнсіз іс-қимылдары көзге ұрып тұратыны себеп болып отыр. Бұл қалай?
Жақында «Базз Лайтер» атты мультфильмнің елімізде прокатқа шығуына тыйым салынды. Бұл біржынысты жұптық өмірді көрсететін мультфильмге қоғам өре түрегеле қарсы шығып, ақырында Мәдениет және спорт министрі араласып барып қана оның прокатқа шығуына тыйым салынды. Бұл көзге көрініп қалғаны ғана. Ал қоғам назарын аудара қоймаған, бірақ кейбір тұстарында аса зиянды, бірнеше секундқа ғана созылса да әдепсіз, жат қылығымен бетіңді дуылдататын көріністері жиі қайталанатын анимациялық фильмдер отандық телеарналарда қаптап жүр.
Әлемге даңқы жайылған, анимациялық фильмдерімен адамзаттың ақыл-ойына барынша әсер етіп, өз өнімдерімен жаһандағы жас ұрпақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған, ұлттық құндылықтарға ойсырата соққы беріп, жаңа дәуірдің өзін өзі ақтай қоюы қиын жаңаша тәрбиесіне үйіріп әкетіп бара жатқан компаниялардың баршаға мәшһүр туындыларын қазақшаға аударып беру үрдісін қанша жерден ақтап, мақтап, жақтасақ та сол өнімдердің бірқатарының халқымыздың ұлттық болмысына қайшы, таным-түсінігіне керағар, кейбір тұстары анайы келетінін қаперге алар емеспіз. Жоғарыда айтқан рухани шекарамыздың бір осал тұсы, яғни «Ахиллестің өкшесі» осы жерде екенін айтқымыз келеді.
Аударма анимациялық фильмдердің кейбіріне қарап отырып жас ұрпақты «белден төмен» ғана ойлауға баулудың заманауи қитұрқы әдісіне жем болып жатқанымызға көзіміз жете түсетіндей. Кейде маған отандық кейбір БАҚ-тар «қой терісін жамылған қасқыр» секілді көрініп кетеді. Осыған орай бір мысал келтіре кетейін. Жақында балаларым бір арнадан «Сарай коргилері» деген мультфильмнің бір бөлігін көріп отыр екен. Қосылып тұрған соң сенімді түрде мен де қарап отырдым. Кенет масқара басталды да кетті. Балаларым төмен қарай қалды. Мен кірерге тесік таппай қысылдым. Көріністі баяндап уақыт алмайын. Оның үстіне айтуға ұят.
Балалармен бірге отырып теледидарға қарау мүмкін емес мына заманда сенімге де селкеу түсе бастады. Қалай десек те сырттан ағылып келіп жатқан, ұлттық болмысымызға кереғар жарияланымдарға тосқауыл қоя алмасақ, онда өзіміздің отандық «ибалы» өнімдерді олармен бәсекелестіріп, соның нәтижесінде сыртқы күшті әлсіретуге иек артуымыз керек. Олай болмаса, шекарамыз шегендеулі берекелі елміз деп мақтанудың ешқандай да мәні жоқ.