Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін мессаға 3 мыңнан астам адам қатысады. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айбек Смадияров Рим Папасы өткізетін мессаға кімдер қатысатынын айтты.
«Мессаға 3 мың орын қарастырылған, олардың басым бөлігі Орталық Азия өңірінен және басқа да жақын елдерден келген қажылар», деді СІМ өкілі.
14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск ондаған мың діндар католиктер, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына келетін қажылар үшін дұға (қасиетті месса) өткізеді.
Сапардың соңғы күні ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жабылуына, сондай-ақ оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды жоспарлап отыр.