Расында да, табиғаттың тамашасына тамсанудан жалықпайсың. Меркі ауданындағы Қарақыстақ жайлауында тұрған Көккөлдің құпиясы таңдай қақтырмай қоймайды. Жергілікті жұрт «Әулиекөл» атап кеткен Көккөлде айдаһар бар деген аңызды да жиі естиміз. Өзге елден келген туристер де Көккөлді көруге құлшынып тұрады.
Асқақ Алатаудың ұшар басында орналасқан бұл көл Ақтоған елді мекенінен жүз шақырымнан астам жерде тұр. Тақтайдай тегіс жол болмаса да, Көккөлді көргісі келетіндер ебін тауып тау басына ұмтылады. Жыл он екі ай суы тартылмайтын көлге қатысты ел арасында айтылатын аңыз да аз емес.
«Расында, «Әулиекөлден» айдаһар көрдік. Кескін-келбеті жыланға ұқсайтын бір өркешті түйе де осында жүреді. Ол аз десеңіз, біздің Көккөлде айдаһар бар. Мұнда кейбір кезде бураның ақырған даусы естіледі», деген сарындағы әңгімелерді жергілікті тұрғындардың аузынан сан мәрте естіген болатынбыз.
Шынтуайтында, қазақ даласында құпияға толы жерлер аз емес қой. Көккөл – соның бірі. Тау ортасында орналасқан көлдің пішіні бір қарағанда жүрекке де ұқсайды. Ең қызығы, аталған көлге ешқандай ағын су құйылмайды. Одан бөлек Көккөлдің суы да ешқайда жіберілмейді. Соған қарамастан судың деңгейі төрт маусым бойы асып-таспайды да, кемімейді де. Құдайдың құдіреті демей көр...
Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, мұнда түрлі экспедициялар ұйымдастырылғанымен, әзірге құпия көлдің жұмбағының шешімі табылар емес. Ал мұнда көл бетімен ұшқан құс, су ішуге келген малдың барлығы да ғайыптан тайып суға тартылып кетеді екен.
Қырық жылдан астам уақыт бұрын тұңғиығы сырға толы көлді зерттеуге келген мамандар өздерінше байлам жасаған. Нәтижесінде геологтер Көккөлдің мұздықтар мен мореналық қыртыстар қабатында пайда болғанын анықтаған көрінеді. Әлбетте, әр маманның өз айтары бар екені даусыз. Бірақ оның қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін кім білсін?!
Тағы бір деректерде Көккөлдің 2 542 метр биіктікте құлаған тау ортасында орналасқаны туралы айтылады. «Ана тілі» басылымында жарияланған мақалада журналист Досжан Балабекұлы «География институты» ЖШС қызметкері Виктор Благовещенскийдің пікірін назарға алыпты.
«Ол 2 542 метр биіктікте оң жақ аңғар беткей мен құлаған таудың қапталы арасында орналасқан. Болжам бойынша көлдің орташа тереңдігі шамамен 10 метр, ең терең жері 30 метр болуы мүмкін. Көл грунт суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Көлдің мезгілдік деңгейінің ауытқуы үлкен емес. Спутниктік түсірілімге қарағанда көлдегі су кемерінен ақ жиектер байқалады.
Көккөл көлінде су таза, ашық көк түсті, оның «Әулие» деп аталуы соған байланысты болуы мүмкін. Бұл мореналық көлге жатпайды, ол тек үйінді көл. Мореналық көлдер болуы үшін оның айналасында мұздықтар болуы керек. Бұл аймақта қазіргі кезде мұздықтар жоқ. Бірақ бұл жерден ежелгі мұздықтардың табаны байқалады», депті аталған мақалада ой білдірген маман.
Қалай алып қарасақ та, Көккөлдің құпиясы әлі күнге жұмбақ болып тұр. Тіпті су айдынының нақты тереңдігі де қазірге дейін анықталмаған. Соған қарағанда мерейлі Меркі тауындағы көлдің жұмбағын шешу үшін әлі талай жұмыстар атқарылуы керек сияқты. Көккөл секілді табиғат ғажайыптары түптің түбінде туристік орталыққа айналуы керек-ақ.
Жамбыл облысы