• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қыркүйек, 2022

Құндылықтар тіл қатқан көрме

327 рет
көрсетілді

Заманымыздың мынадай мың құбылған алмағайып кезеңінде адамды адам етіп қалдыратын, ізгілікке ұмытылдырып, жақсы істердің бастамашысы ететін – ол, әрине, жүректегі сезім мен тазалыққа, сұлулыққа деген құштарлық һәм соны өмір мәніне айналдырсам деген ұлы мақсат мұраты болса керек. Елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында суретші, галерист, педагог, қоғам қайраткері Ләйлә Махаттың жетекшілігімен ұйымдастырылып жатқан керемет көрме дәл осы ойымыздың айғағындай.

Өнер тілі арқылы өмір мәнін ұғындырып, соның ішінде, әсіресе қазақ халқының дүниетанымы мен рухани бай тіршілігінен сыр шертетін көрменің басты ту етер темір­қазығы да – жер бетіндегі күл­лі адамзаттың ғұмырлық асыл арманы – тұрақтылық пен бейбіт өмір һәм өткен мен бү­гінгіміз арасындағы ал­тын тінді үзіп алмай кейінгі ұр­пақ­қа жеткізу, құндылықтар қа­ді­ріне жаһандану заманы биі­­гінен көз тігу тілегімен ас­та­сады.

Айтулы іс-шараға санаулы-ақ күн қалды. Сондықтан да Ләй­лә Махат пен оның коман­да­сының жұмысы қауырт. Айналасына асықпай көз тігіп, қасына келген адаммен емен-жарқын әңгіме-дүкен құруға да уақыты жоқ. Соған қарамастан, редакциядан арнайылап келген біздің тілегімізді орындап, түрлі-түсті бояу мен сан алуан көркемөнер құралдары орта­сын­дағы қарбалас та қауырт дайындық жұмыстарын сәл тежей тұрып, алдағы өтер маз­мұнды жоба турасында айтып берді.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне орай ұйымдастырылып жатқан бұл көрме негізінен бес бөлімнен тұрады және олар тақырыптық және мазмұндық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты. Айтулы көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақ халқының рухани мұрасы мен әлемнің қан­­ша­лықты бай әрі терең екен­­дігін жер-жаһанның түк­пір-түк­пірінен жиналған съезд де­ле­гаттарына көркемөнер ті­лінде көрсету. Сол ар­қы­лы әлем халқын ұлы дала дәс­тү­рі­не, таным мен табиға­тына те­рең үңілту, – деп атап өтті жо­ба жетекшісі Ләйлә Болат­қызы.

Өнер иесінің айтуынша, көрменің әр бөліміне таңда­лып алынған тақырып пен ау­қымды жоба аясында төл жұ­мысы ұсынылған шығар­ма­шылық иелерінің қолтаң­басы көркемөнерді шын ұғы­нып, түсіне алатын кез кел­ген адам үшін қызық­ты боларына сенімді. Сон­дай-ақ олардың әрбір жұ­мысы, шы­найы­лы­ғы­мен, экс­клю­зивтілігімен құн­ды.

– Көрме құндылығына айналып отырған заттардың бар­­лығы осыдан бірнеше жүз­­жыл­дық бұрын өмір сүр­ген біздің ата-бабалары­мыз­ға тиесілі. Олардың тама­ша тұр­мысы мен рухани бай, маз­мұнды әрі ерекше мәдени өмі­рінен сыр шер­теді. Ешқайсысы ойдан шыға­рыл­маған. Ал сол атмосфера­ны шынайы жет­кізген автор­ларымыздың таланты тіптен ерек, таңдана тама­ша­лауға әбден лайық. Мәсе­лен, «Дала қазы­насы» атты ал­ғашқы бөлімге топтас­ты­рыл­ған тарба­ға­­тайлық Сержан Бә­шіров­тің еңбегі бабалары­мыздың тұр­мыс-тіршілігін тереңнен сезініп, соны шынайы да тұ­щымды әрі қызықты етіп беруімен құнды. «Дала аңыз­дары» атты келесі бөлімге топтас­тырылған шымкенттік суретші Батухан Байменнің қолтаңбасындағы жұмыстар өзінің ұшқыр қиял қуатымен дараланады. Өнертанушы әрі суретші ретінде маған Батуханның жұмыстары өте ұнайды, шеберлігін кәсіби тұрғыдан жоғары бағалаймын. Осы жобаға да талантты сурет­шіні арнайы шақырдық. Автор­лары­мыздың үздік жұмыс­тары көрмеге келген өнер ба­ғалаушыларының көңі­лінен шығады деп үміттенеміз, деген жоба ұйым­дас­ты­ру­шы­сы көрменің өзіндік ерек­ше­лік­теріне де тоқталуды ұмытпады.

– Бұл жобаның ерекшелігі сол – үйлестіру жұмыстарына айрықша мән бердік. Әдеттегі деректерді қаз-қатар тізілген қақиған әдіспен беру тәсілінен барынша қаштық. Көрмеде барлығы еркін, кәдімгі өмір­дің өзіндей шынайы үйлес­тірілді. Яғни әр зат кәдімгі тір­шілік тәртібі үлгісінде ұйым­дастырылып, көрушісін көне дәуірдің өмір салтына, тыныс-тіршілігіне етене енгізіп жібе­реді. Көрмеге келгендер бейне бір бабалар өмір сүрген дәуірге топ ете қалғандай ерекше әсерге бөленеді. Сол үшін жіті де ыждаһатты түрде көп жұмыс атқарылды. Еңбегімізді халық өз деңгейінде бағалайды деп сенеміз, – деді Ләйлә Махат.

Суретші атап өткен бес бөлімді көрме «Дала қазы­насы», «Дала аңыздары», «Пат­шалар алқабы», «Балбал тастар» және «Өмір ағашы» тақырыптарында тыңғылықты зерттеле отырып, тұшымды деректер ұсынуға күш салған. Мәселен, Сержан Бәшіров жұмыстары ұсынылған «Дала қазынасы» бөлімінде суретші ежелгі кілемдердің тарихына, сандықтардың құпияларына, көне қару-жарақ аңыздарына толы әлемді әсерлі бедерлейді. Бәшіров өз туындыларын күмістен, мыстан, қоладан, ағаштан, сүйектен және тастан жасайды. Сиқырлы процестің әрбір компонентінің құпия мағынасы бар: тас – қорғайды, күміс – кеңістікті тазартады, сүйек – уақыт желісін бай­ланыстырады, мыс – жердің қуатын жеткізеді, қола – уақыт құпияларын ашады. Аталған заттарды қолданған адамдар қандай болды? Олар қалай өмір сүрді? Кімді жақсы көрді? Міне, осы сауалдарға суретші «Дала қазынасы» бөлімінде толық әрі жан-жақты жауап береді. Сол сияқты өзге бөлімдерге топтастырылған көркемөнер мамандары да өз жұмыстары арқылы адамзат әлемінің құпия сырларына жауап береді және оны өнердің өз тілінде сәтті сараптайды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ашылуына орай руха­ни әрі танымдық көрме үлгі­сінде жасалып жатқан бұл жарқын жоба шын мәнін­де қатысушылар үшін тама­ша тосын сый болмақ. Көр­менің негізгі төрт бөлімі Бей­бітшілік және келісім са­райында салтанат құрса, «Өмір ағашы» аталатын соңғы бөлімі Тәуелсіздік сарайының төрін сәнге бөлейді.

– «Өмір ағашы» аталатын бөлімді алдағы өтетін съездің символдық негізі десек те болады. Өйткені ағаш – біз­дің тамырымыз, тегіміз, яғни өтке­німіз, бүгініміз және келе­шегіміз. Сол арқылы ғасырдан ғасырға жалғасып, бірнеше мыңжылдыққа ұласқан адамзат тарихының түбін ортақ бір түбірден тарқатамыз. Бүгінде әлем халқы түрлі ұлт пен ұлысқа бөлініп өз алдына дербес мемлекет құрғанымен, күллі адамзаттың түбі – бір, мұраты – ортақ. Ол – ізгілік, иман және бейбіт өмір. Демек жаңа ғасыр, өрісті өркениет, жаһандану жетістіктері кеңіс­тігінде өмір сүріп жатқан бар­ша адамзаттың мұраты біреу-ақ болуы керек, ол – адамның адам болып қалуы. Біз ұсынған «Өмір ағашы» инс­талляциясында негізінен осы бір күллі адамзатқа ортақ ой бейнеленді, – деп түйіндеді сөзін жоба жетекшісі.

14 қыркүйекте ашылуы жоспарланған көрменің есігі бір ай бойы ашық болады. Келемін, қазақтың бай рухани мұрасымен танысымын, адамзат құндылықтарына бойлаймын деген кез келген адам үшін рухани мәні терең мазмұнды көрме сыр ашуға дайын.