Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі экономикаға кредит беру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Бұл – жиі көтерілетін мәселе. Бірақ сол мәселе күйінде қала беретін. Шешімін тауып жатқан жағдайлар тым сирек. Жақында бұл түйткілге Мемлекет басшысының өзі көңіл аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр деп ашығын айтты.
«Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар», деді Президент.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, корпоративтік секторға кредит беруді кеңейту үшін бірлескен жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Кеңес барысында корпоративтік кредит беруді кеңейтуді шектейтін кедергілер талқыланды, сондай-ақ тиісті шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, бизнеске кредит беруді ынталандыру бойынша реттеушілік шаралар, банктерді ұзақмерзімді қорландыру көздерін кеңейту жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ нақты секторға кредит беруді қолдау бағдарламаларына ұсыныстар талқыланды.
Агенттік қарыз алушылардың өзара байланысы өлшемшарттарын оңайлату және жоғары өтімді қамтамасыз ету тәуекелінің сомасынан шегерілетін тізбені кеңейту есебінен бір қарыз алушыға тәуекелді есептеу тәртібін оңтайландыруды (К3 нормативі) ұсынды.
Бизнеске кредит беруді ынталандыру үшін 2024 жылға дейін шағын және орта бизнес кредиттері мен синдикатталған қарыздарды тәуекел-саралаудың төмендетілген мәндерін 50 пайыз деңгейінде ұзарту ұсынылды. Бұдан басқа, кредиттердің құнсыздану өлшемшарттарын оңтайландыру және коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, айналымдағы тауарлар, off-take келісімшарттары және мемлекет-жекеменшік әріптестігі шарттары бойынша ақша түсімдері түріндегі кепілдер бойынша өтімділік мәндерін арттыру есебінен банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды төмендету жоспарлануда.
Сонымен бірге банктердің ұзақмерзімді кредиттік ресурстарын кеңейту үшін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін өтімділікті өтеу және нетто тұрақты қорландыру нормативтерінің төмендетілген мәндерінің қолданылуы ұзартылады.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және ҚҚҚ өкілдері ірі жобаларды бірлесіп қаржыландыру және синдикатталған кредит беру бойынша ұсыныстар ұсынды. 2021 жылы синдикатталған кредит беруді дамыту үшін заңнамалық негіздер жасалғанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктер «Қазақстанның даму банкі» АҚ-пен бірлесіп синдикатталған қаржыландырудың бірлескен жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруда», делінген агенттік хабарламасында.
Өз кезегінде Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы жер қойнауын пайдалану құқықтарын және кепілге қойылған жерлерді өткізген кезіндегі кедергілерді атап өткен. Қауымдастық сарапшыларының сөзіне қарағанда, ондай кедергілер кредит беруді кеңейтуді шектейді. Бұдан басқа, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы орта және ірі бизнес субъектілерінің жобаларына портфельдік кепілдік беру тетігін кеңейту бойынша шаралар ұсынды.