ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Алан Пиюмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жаңа экономикалық реформаларды жүргізуге қатысу мәселелерін, 2023 жылға арналған инвестициялар мен өзара іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Әлихан Смайылов 30 жылдың ішінде ЕҚДБ-мен бірлесіп экономиканың түрлі салаларында $10 млрд-тан астам сомаға 300-ге жуық жоба іске асырылғанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Үкімет Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы сапалы жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіп жатыр. Нәтижесінде азаматтарымыздың әл-ауқатының айтарлықтай өсуі қамтамасыз етілуі тиіс, сондықтан біз ЕҚДБ-ның осы бағытқа қатысып, қолдау көрсетуін қолдаймыз», деді Премьер-Министр.
Алан Пию Қазақстанда қазіргі жобаларды жалғастыру және жаңа жобаларды іске қосу ЕҚДБ басымдықтарының бірі болып саналатынын жеткізді.
«Қазақстан ЕҚДБ-ға 100% сенім арта алады. Сондай-ақ біз елге 2060 жылға қарай экономиканы декарбонизациялауға қол жеткізуге көмектесуге мүдделіміз. Алматы ЖЭО-2-ні көмірден газға көшіруді осы бағыттағы флагмандық жоба деп санаймыз. Бұл - ірі және маңызды жоба, біз оған қомақты қаражат салуды жоспарлап отырмыз», деді Алан Пию.
Ол өз сөзінде Банктің Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан Үкіметі өз тарапынан көп іс атқаруда, сондықтан біз әлдеқайда ірі жобаларды әзірлеп, іске асыруға дайынбыз», деді Алан Пию.
Кездесуді қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Үкіметтің Банкпен барлық бағыттар бойынша өзара тиімді іс-қимылды арттыруға мүдделі екенін жеткізді.