Зымыран уақыт Сені көзден тасалап, ортамыздан біржолата алыстатқанына да талай жылдардың тізбегі өтіпті-ау. Мінеки, қоңыр күздің басынан-ақ азаматын қастерлеп, төбесіне көтерген жұртың Сенің де сексен деген белестің биігіне шығар қарсаңында өзіңсіз тойлай бастапты. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») табыстырған Жеті жетімнің түгел кезінде де, қайта оралмас кемеге мініп кеткен Оралхан мен Кәрібайлардан кейін де мерейтойларың деп, басқа да себептермен өзің мақтанышпен сар даласын, қырат-қырқаларын талай көрсеткен Жаңаарқаңда дүбірлі думан өткізіпті. Ел болып, Алматы, Астанаң әлі тойлар. Өйткені халқың Сенің қыруар еңбегіңді, өзіңнің қадір-қасиетіңді бағалай білген, бағалай береді де.
Әлеуметтік желіден туған жеріңде жерлестерің ескерткіш орнатқанын көрдім. Біраз кем-кетігі болса да, еліңнің ниетіне ризамын. Соноу 92-жылдары екеуіміз Алматыдағы Дзержинскийдің зәулім ескерткішінің тұсынан өтіп бара жатқан кезде, Сен: «Көп қазақтың қанын төгуге себепші болған осы сұмырайдың ескерткішін құлату керек» деп зілденгенде, мен: «Жоқ, қазіргі дағдарыс кезінде бұған тиісуге болмайды», – деп, Сені бір ашуландырып алып, – себебі Сенің де күні ертең белгілі тұлғаға айналатыныңа сенгім келеді. Сонда Феликс көкеңнің шекпенін шешіп, аты-жөнін «Ақселеу Сейдімбек» деп өзгерте салса болды. Беті-жүзі, шоқша сақалымен, бойы-сойымен өзіңнен аумайды» деп әзілдегенім бар...
Уақыт өткен сайын Сенің қазақ әдебиеті мен өнеріне, ұлттану ғылымына қосқан үлесің үшін қадірің биіктей түсер. Сонда ұрпақ талай ескерткіш тұрғызар...
Өткен ғасырдың 62-жылынан бермен қарай, ҚазМУ-дың абитуриенті атанған жылдан бермен тағдыр бөліп жібергенше егіз қозыдай бірге жүріп, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, туыспаған туыс болып кеткендей едік.
Мен Сені жоғалтқалы қазақы қара сөздің уызына тойынған шешен, әдебиет айдынында жел қайықтай жүзген дарынды жазушы, халқыңның рухани болмысына, өткен ғасырлардың терең тамырына үңілген тарихшы, әнді, әсіресе күй өнерін салалап танытуға сүбелі үлес қосқан зерттеуші, тіпті өнерімізде жоғалтып ала жаздаған, кез-келген әншісымақтардың орындауға жүректері дауаламайтын, «қазақтың дәстүрлі аспани, биікшіл әндері осылай болады» дейтіндей ғып шығаратын сазгер т.б. көп қырларың туралы біраз мақалалар жазыппын.
Бүгінгі мерейтой тұсында соноу студенттік өмірдің алғашқы жылында болған елеусіз ғана оқиғамен Сенің кісілік болмысыңды, тапқырлығыңды әңгімелейінші.
* * *
Бар болғаны бес-ақ мүшесі бар біздің «Бірлік» атты колхозымыз бүкіл жатақхана демей-ақ қояйын, негізінен түгелге жуық бірінші курстықтар жататын төменгі қабат тұрғындарының ішіндегі ең бір берекелі ұйым болып шықты. «Ұйым» деп атағанмен, бізден басқа бірлесіп тіршілік құрғандар о баста болғанмен, ай ауыспай жатып берекелері бек кетіп, әрқайсысы өз алдарына күндерін жеке-жеке көріп жүретін. Кей-кейде ас даярлайтын арнайы бөлмеде біздің кастрюль ғана жағымды иісімен кірген-шыққанды елітіп, буы бұрқырап тұрар еді.
Алматының қоңыр күзі енді-енді қыстың мінезін үздік-создық көрсетіп, бірде жаңбыр, бірде қар кезектесіп тұрған кезде Ақселеудің үйі күздік сойған екен, соның қазы-қарта сияқты шиманды бөлігінен екі жәшік сыбаға жіберіпті. Ақ кастрюльді мөлтілдете толтырып, кешкілік ас үйдегі плитаға қойғанбыз. Ақселеудің өзі: «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны». Молдап асайық, осында тұратын курстастарымызды да шақырайық. Кішігірім бір әдемі отырыс болсын. Мен басқадай шайға керекті тәтті-дәмділерді алып келейін» деп дүкенге кетті. Жылқы етінің иісі бір қайнаған соң-ақ бүкіл бірінші қабатты жайлап алды. Біз де кезек-кезек көйлек, шалбарымызды үтіктеген болып, сол бөлмеден шықпаймыз. Тіпті шаруамыз болмаса да кезекші Жұмағалимен жағаласқандай немесе оның «сақшылық» қызметіне сенбегендей сол бөлмеге жиі кіріп-шығып жүргенбіз. Мынандай айтулы астың алдында сабақ қарап, оны миға қонақтата қою соншалықты қиын, күрделі міндет болса да, бөлмеде кітапқа үңілген болып отырғанбыз.
– Киімдерімізді үтіктеп болсақ, бөлмеге барып отырайық. «Бесеуі бірдей бір кастрюльді күзетіп жүр» деп басқалар бізді күлкі қып жүрер, – деген Қожабектің ақылынан кейін бөлмеге келіп, байырқалаған түріміз ғой. Бір кезде айдаһар қуып келе жатқандай алақ- жұлақ етіп, Жұмағали кіріп келген.
– Жігіттер, кастрюль жоқ. Қалай әкеткенін білмеймін? – дейді ол амалы таусылғандай. Бұл сөз «Жау шапты!» дегендей естіліп, бәріміз «найзам қайда?» дегендей боп, орнымыздан атып-атып тұрдық. Бір кастрюль шала піскен жылқы етінің жолында аянатын емеспіз.
– Тоқтаңдар, жігіттер! – деген Ақселеу. – Қарны ашқан біреулер қызығып кетіп алған ғой. Ашу үстінде артық әрекетке барып, тамақ үшін төбелескен деген атқа қалмайық. Егер кастрюльді басқа жаққа әкетіп қалмай, осы жатақхана ішінде қалдырса, мен оны оңай табамын.
Ол орнынан тұрып, есікке беттегенде «Бізге ақыл айтып отырып, өзі біреулермен шармааяқтасып қалар» деген оймен қасына мен ердім. Ол жылқы етінің әдемі иісінің өзі солғын тартып қалған ас бөлмеге кіріп шықты да, бірден екінші қабатқа бастайтын баспалдақпен көтерілді. Солғындау болса да бір иіс бар, демек ұры баспалдақпен көтерілген. Әр бөлменің тұсынан мысықтабандап өтіп келеміз.
– Бұл қабатта да жоқ, – деді Ақаң маған сыбырлап. – Жылқы етінің иісі әлі-ақ «мен мұндалауға» тиісті.
Айтқандай, үшінші қабаттағы бірер жыл бұрынырақ үйленген жоғары курстың жас жұбайлары тұратын бөлмеден Ақаң айтқан иіс «мен мұндалап» бізді жетектеп алып келген. Есікті қағып едік, іштегілер өзара күбірлесіп, есікті ашқысы келмеген. Сол кезде Ақаң бұл бөлмедегі тұрғынды бұрыннан таныса керек:
– Әй, Қареке, мен Ақселеумін ғой. Бағанағы бір келісім бойынша келіп тұрмын. Есігіңді тезірек ашсаңшы. Бала бөлеп жатқаннан саумысың? – деді жайбарақат қана.
Есік ашылды. Мен де бұрыннан көріп жүрген көзілдірікті аққұба жігіттің өңі оңған шүберектей бозарып кетіпті.
– Ақа, інім, расында анау кезекші болып жүрген достарың біреумен қызу әңгімеге кірісіп кеткен екен. Байқай ма, байқамай ма деп ойын ретінде бастаған ісімнен мінеки...
– Өй, Қареке-ай, мына замандас жеңгемді әлі де алдап тұрсың, ә?! Екеуіміз бағана келістік қой. Жеңгейге: «Мына етті тамақ әзірлейтін бөлмеден иелеріне білдірмей алып келдім» деп айт. Жеңгей бұл сөзіңді қалай қабылдар екен?» – деп үйретіп жіберіп едім ғой. Солай дедің бе?
Жігіт көзілдірігін бір алып, бір киіп, берекесі бек кетіп қалды.
– Олай демедім, олай демедім, – деген сөзін бірнеше қайталап жіберді.
– Онда не деп едің? – дейді Ақселеу.
– Плиталары сынып қалған бір жігіттердің кастрюлі деп едім... – Көзілдірікті жігіт сасқалақтап, шындықтан мүлде шалғай шығып кетті.
Қараторы келіншегі күйеуіне қарап:
– Оңбаған-ау, «Саған айтпай төменде ауылдан келген етті пісіртіп әкелдім» дегенің қайда? Суайттығыңмен қоса, ұры екеніңді екі жылдан бері мен неге білмегенмін?! – деп қамыр жайып жатқан оқтауын лақтырып жіберіп, жылап отыра кеткен.
Ұрымызды, ұрлатқанымызды тапқанмен, мына ерлі-зайыптылардың отының басына өте ауыр кінәні артып қойғанымыз үшін жанымды қоярға жер таппай мен тұрмын. Бұл қияметтен шығар жол табылмастай көрінген. Сол кезде Ақселеуім қарқылдап бір күлсін.
– Әй, Қареке, екеуіміз ойнаймыз деп, от қана емес, өрт шығара жаздадық. Қалай, жеңгеміздің бөтеннен бүлдіргіні пайда көрмейтініне көзің енді жетті ме? Жеңгем бұл сыннан мүдірмей өтті, ал өзің қалай ақтала аласың? – деп, мен ойламаған әңгімені бастағанда, ештеңе түсінбей аң-таң болып, бетіне қарадым. Жаңа ғана ағыл-тегіл жылап отырған қараторы келіншек те аң-таң болып Ақселеудің бетіне қараған. Үй иесі де көзілдірігін қайта-қайта сүрткілеп, бір кінәсіз адамның рөлінде ойнап тұрған актер сияқты елестеді.
– Сіздің отағасы екеуіміз бірінші қабатта ас әзірлеп, киім үтіктейтін бөлмеде жолыққанбыз. Ауылдан келген етті молдап асып, бір тояйық деп едік, электр плитамыз бұзылып, не істерімізді білмей тұрғанда, Қарекең «Біздің бөлмедегі плитаны ала тұр» деді. Сонда маған бір ой түсті де, Қарекеңе былай дедім: «Кастрюльді бөлмеңе апарып жеңгейге астырайық. Қайта мынандай етке макарон салып, обалды қылмай, жеңгейге қамыр илетіп, қазақша ет қып жейік» деп идея айтқан едім. Оның үстіне Қарекеңе: «Мен барған кезде сен шала піскен етті ұрлаған кісі бол. Келіншегіңді бір сынайық» деген едім. Керісінше, артықтау кеткен ойыным үшін екеуің де мені кешіріңдер, – деді Ақселеу.
Келіншек әлі де ештеңенің байыбына бара алмай күйеуі мен Ақселеудің бетіне кезек-кезек қарады. Ақаң әлі де айылын жияр емес. Еңкейіп жас жеңгесінің арқасынан қақты.
– Жарайды жеңгей, бүлінген ештеңе жоқ. Сіз біздің сыннан мүдірмей өттіңіз. Қайта тапсырған сөзді айтпай, бәрін бүлдіре жаздаған Қарекең бұл сыннан өзі сүрінді. Ал жақсы, ет піскен соң жігіттерімді ертіп келермін, – деп ол бөлмеден шықты.
Мен де шығып бара жатқанда, Қарекеңе көзім түсіп еді, бетіне қан жүгіріп, келіншегіне күлімдеп қарап тұр екен. Оның осы іс-әрекетінен кейін «Мына ұрлық шынында әдейі ұйымдастырылған ойын ба?» деген күдіктің пайда бола бастағаны рас. Олардан шыға бере Ақселеудің бетіне қарап: «Бұларыңнан бірдеңе ұқсам бұйырмасын» дедім.
– Ұқпайтын несі бар? – деді ол бетіме қарап. – Бір асым ет үшін азаматтың басқалар мен зайыбы алдындағы беделін қалай түсірейін? Біріншіден, Қарекең бір рет ашкөзденемін деп өмір бойы ұмытпастай сабақ алды. Екіншіден, біз ерлі-зайыптылардың сенімдеріне үлкен сызат түсіруден сақтап қалдық. Бұл – алдымен екеуіміздің жеңісіміз.
– Екеуіміздің емес, сенің жеңісің, – деймін оның азаматтың жаза басқан қателігінің тігісін тапқырлықпен жатқызып жібергеніне ризалығымды білдіріп. Ақаңның ұрыны қалай тапқанын, сонан соң Қарекеңді қаңқу сөзден, жаман аттан қалай құтқарғанын бөлмедегілерге айтпа десе де, айтып бердім және бүгін сол үйге барып, кәдімгі қамыры салынып, пиязы туралып, бұрышы себілген қазақша даярланған етті жеуге үшінші қабаттағы сол жігіттің бөлмесіне қонаққа баратынымызды айтып, ең алдымен кешкі асын қолды ғып алған Жұмағалиды және басқаларын қуандырдым. Ал Ақаң барлығымызға бұл әңгіме осы бөлмеден шықса, достығымызға өшпестей дақ түсерін қатты ескертті. Арада пәлен жыл өткен соң және құпия оқиғаны жариялағаным үшін ренжитін Ақаңның өзі де қазір ортамызда жоқтығын пайдаланып, айтып отырмын.
* * *
Қарекең кінәсін жуып-шаяйын десе керек, екі-үш шөлмек «студенттердің коньягы» атанған «Портвейн-12» дейтін шарапты даярлап, шайдың дастарқанына да қажетті біраз тәтті-дәмділерді алып қойған екен. Бесеуіміз де құдалыққа келгендей ішіп-жеп, бөлмемізге оралдық.
«Мені соғыстан оралмаған әкемнің ағасы мен зайыбы жетімдік көрсетпей, өз балаларындай еркелетіп өсірді» деуші еді Ақаң. Шамасы, ол кісілер де ауқатты, мал-жанды кісілер болса керек, курстасымыздың киімі көбімізде жоқ таңдаулы дүниелер болса, қалтасы да құр жүрмейді. Бар болған соң, соңындағы сенері мығым болған соң, қайсыбірімізге ұқсап, тиын санамай мырзалығын да жиі көрсетеді. Ең аяғы сабын, шұлық сияқты ұсақ-түйек алса да бесеуімізге түгел алуға тырысар еді. Жақсы киініп, жақсы көрініп жүрген соң, сері болып көрінгісі келетіні де бар. «Қалтамды томпайтады» деп, өзі шегіп жүретін «Беломор каналы» дейтін папиросын Жұмағалидың қалтасына салып қойып, «Шылым шеккен кезде қасымнан табыларсың» дейтіні де сол серілігінің бір көрінісі еді. Ақселеуге әкесінің орнына әке болған Аманбек дейтін кісінің пошта арқылы екі жәшік етті бір-ақ жолдауы бізді де қуандырғаны рас. Әрине, өзімізге мұндай мол сыбаға келмейтіндіктен, аздап ыңғайсызданатынымыз да өтірік емес.
Осынша мол етті сақтайтын тоңазытқыш деген қайдан болсын, дүкеннен әкеліп даярлап қойып, Қарекеңнің бөлмесінен келген соң етімізді үш дорбаға салып, терезенің желдеткішінен шығарып қойғанбыз. Жерге түсіп кетпес үшін тор дорбаның бауларын қосып, жуан жіппен терезенің тұтқасына байлап қойып, төсегімізге жатып алып, «Біздің жақта...» деп басталар әңгімені біраз жерге жеткізіп тастап, енді көзіміз іліне беріп еді, Қожабектің «әкетті» деген жан дауысы шықты. Атып-атып тұрып, шамды жақтық. Пышақ ұзын сырықтың басына байлаған тор дорбалардың екеуін кесіп түсіріп, үшіншісін қидалап жатыр екен. Біз терезеге ұмтылған кезде үшінші дорба да ет-метімен жерге құлап түсті. Екінші қабаттан секіретін емес, олжалы болған екеуді көзбен де, біраз балағат сөзбен де шығарып салып, шала-шарпы киініп сыртқа шыққанда, ұрылар алып үлгере алмай кеткен екі-үш кесек ет пен бір белдемені алып, бөлмеге келдік.
– Ертең курстастарымды шақырайын деп ойлап едім, сұмырайлар бұйыртпады, – деген Ақаңа не деп жұбаныш айтарымызды білмей отырсақ, ол қағаз-қаламын алып, әлдене жаза бастады.
– Өй, түн ішінде не жазып отырсың? – деймін. Ол:
– Хат, – дейді.
– Не қылған хат?
– Әкейге, тағы ет жібер деп.
«Мына шіркін біздің тоқ жүруімізді мойнына алған ба?» деп ойладым сонда.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері