Екі күнге созылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі ресми түрде аяқталды. Іргелі жиынның жабылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сондай-ақ съездің Қорытынды декларациясы жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын атап өтті.
– Сіздер барша адамзаттың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыру үшін әлемнің әр түкпірінен келіп отырсыздар. Осының өзі дінаралық келісім мен ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.
Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін.
Форум бірегей және өте маңызды жаһандық сәтте өтіп отыр. Бұл да тарихи сәт. Пандемиядан кейінгі әлемдегі геосаяси турбуленттілік күшейгеніне бетпе-бет келген тұста, өркениетаралық диалог пен жаһандық деңгейде сенімді нығайтудың жаңа тәсілдерін әзірлеудің өзектілігі артты. Бүгінгі форум осы өмірлік маңызды жұмысқа елеулі үлес қосты деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да ризашылығын білдірді.
– Сіздің жалынды сөзіңіз бен қуатты үндеуіңіз әлемдегі миллиондаған адам үшін сенім мен шабыттану көзіне айналарына сенімдімін. Осы орайда, аса қадірлі Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапармен келгені үшін Қазақстан халқының және жеке өз атымнан тағы да шынайы алғыс білдіремін. Съез жұмысына өзіңіздің белсене қатысуыңыз – біз үшін зор мәртебе. Сіздің әлем жұртшылығына арнаған үндеуіңіз жер жүзіндегі миллиондаған адамға үміт пен сенім сыйлағаны анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі тарихтың бетбұрыс кезеңінде өткеніне тоқталды. Пандемиядан кейін геостратегиялық жағдай ушыққан кезде жаһандық деңгейде өркениетаралық диалог пен сенімді нығайту үшін жаңа әдістер іздеу аса маңызды. Президент форумның қорытындысы бұл басты міндетті шешуге елеулі үлес қосады деп санайды.
– Біз бірлесе отырып, ұлттардың бірін-бірі шеттетуіне, мемлекеттердің күйреуіне және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына ықпал ететін «күш көрсету саясаты» мен «араздық тілін» дәріптеуді сынға алдық. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады. Осы негізгі қағидаттар рухани салада ғана емес, сондай-ақ мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық саясатта да көрініс табуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық күйзелістер мен жаһандық дағдарыстардың қайнар көзі саналатын теңсіздіктің барлық түрін еңсеру талқыланған негізгі мәселелердің бірі болғанын атап өтті. Цифрлы және гендерлік проблемаларға, әлеуметтік бөліністерді жою ісіндегі білім мен діни ағарту саласының атқаратын рөліне баса мән берілді.
Қазақстан Президенті экономикалық өсім мен рухани-адамгершілік дамудың арасындағы теңдікке қол жеткізу жолдарын қарастыру әлі де өзекті екенін атап өтті.
– Дін көшбасшылары технологияларды, ғылым мен руханиятты бір мезгілде және өзара толықтыра отырып, дамытуды талап ете алатынына және оны орындайтынына сенім білдіремін. Съезд өз жұмысын аяқтап жатқан тұста дін көшбасшыларының заманауи әлемдегі қайшылықтарды еңсеруге және адамзатқа ортақ ауқымды әл-ауқатқа қол жеткізуге өз үлестерін қосып, көмектесетініне сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы съездің қорытынды құжатына ерекше назар аударды. Президент форум қорытындысы бойынша бүгін мазмұнды әрі жан-жақты пысықталған Декларация қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл маңызды концептуалды құжат іргелі мәселелерді қамтиды және үкіметтерге, саяси көшбасшыларға, халықаралық ұйымдарға бағдар бере алады.
– Біздің ортақ міндетіміз – Декларацияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарына сәйкес, съездің дәйекті қызметін толықтай қолдайтынын атап өтті.
Съездің жабылу рәсімінде Рим Папасы Франциск те сөз сөйлеп, осындай сындарлы диалог алаңында іргелі жиын өткізгені үшін Қазақ халқы мен ел басшылығына алғысын білдіріп, қазақ тілінде «көп рахмет!» деді. Сондай-ақ Қазақстан туы туралы пікір білдірді.
– Қазақстан үлкен және стратегиялық маңызды Азия құрлығының жүрегінде орналасқандықтан съездің осында өтуі заңды да. Елдің мемлекеттік туы саясат пен дін арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет екенін білдіреді. Шын мәнінде, тудағы алтын қыран жердегі күш, ежелгі империялар туралы естелік. Ал көк түс аспан әлемі туралы ойға жетелеп, мәңгілікті білдіреді, – деді Рим Папасы.
Сондай-ақ әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайеб те жиын барысында сөз сөйлеп, пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, форумның шешімі мен ұсыныстарын тыңдағаннан кейін артық бір нәрсе қосу қиын.
– Жиында айтылған пікірлер халықаралық қоғамдастық зардап шегетін көптеген проблеманы шешеді деп ойлаймыз. Қорытындылай келе, діни сезімдерді өшпенділік пен арам пиғылдан тазартатын күшке айналмайынша дін өз мақсатына жете алмайтынын айтқым келеді. Бұған қол жеткізу үшін түрлі діндердің қызметін діндер мен діндарлар арасындағы қақтығысқа айналдырмай, оны адамдық арнаға бағыттау қажет, – деді Ахмад ат-Тайеб.
Шейхтің пайымдауынша, әрбір дінге ортақ жоғары адами мән-мағынаны топтастырған жөн. Бұдан бөлек, осы жалпы мағыналарды таратқанда таза ақылға сүйеніп, шындыққа деген сүйіспеншілікті басшылыққа алу керек.
Жабылу салтанатына модераторлық еткен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев съезд жұмысы мазмұнды өткеніне тоқталып, нәтижелі пікірталас жүргенін атап өтті.
– Осы екі күннің ішінде съезге қатысушылар арасында ашық және салиқалы диалог болды деп айта аламыз. Форумға қатысушылар мен қонақтар адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани-әлеуметтік дамуының күн тәртібін жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ геосаяси сын-қатерлерді еңсеру, қақтығыстарды тоқтату, бейбітшілікке қол жеткізіп, оны нығайту жолындағы діндердің рөлі мен әлеуеті айқындалды. Дін лидерлері съезд мінберінен бейбітшілік пен диалогты қолдауға арналған маңызды ойлар айтты. Мұндай идеялар мен ұсыныстар үйлесімді әрі өркендеген әлем құруға үлес қосады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау сөз сөйледі.
Съезд қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің Декларациясы қабылданды. Құжаттың мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар барынша қамтылған.
«Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалог игілігі үшін өзінің тұрақты қызметін жалғастыруына бар күш-жігерімізді саламыз. Біз әлемнің пандемиядан кейінгі дамуы мен әлемдік процестердің жаһандануы және қауіпсіздікке төнетін қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен ынтымақтастық үшін диалогті нығайту, сондай-ақ рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын мәлімдейміз», делінген декларацияда.
Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискке қазақ мәдениеті туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғысын білдірді. «Әсіресе домбыра туралы пікіріңіз үшін қазақ халқы сізге ризашылығын білдірді.