Жаңа Жолдаудың бастауында ел Президенті «Біз көрпеге қарай көсілу керек екенін ұмытпауымыз керек» деп халық даналығын алға тартты. Жөн сөз, реформа мен экономикаға орай айтылған пайым.
Байырқап қарасақ, қазақтың көрпесі әрі қалың, әрі жылы. Біздің көрпемізді жамылмаған халық жоқ шығар, қиын күндердің бәрінде көрпеміз басқаларға пана болды. Көрпемізді қосыла жамылғандардың бәрі айтулы күні қандай жақсы сөз, жағымды жаңалық естір екенбіз деп көрпе астынан мойындарын қылтитып, құлақтарын түріп жүрді.
Жолдауда жақсы сөз көп, мұның бәрі – болашақтың бастауы. Ұлттық қорды халық несібесі деп қарап, ел игілігіне жарату деген құлаққа жағымды әрі жүректі дүрсілдететін-ақ сөз. Тек ақыры қайырлы болсын. Жолай Батыраш-Қотыраштардың кес-кестеуінен сақтасын. Қаңтар қырғынына қатысқандарға жеңілдік жасау да ел мұңы мен арманы еді. Ол да орындалатын болды. Жолдауды көгілдір экраннан көріп, тыңдап, жақын маңдағы саябаққа жүрек дүрсілімізді басайын деп шыға беріп едім, күнде көріп жүрген көк көз, сары шашты жолай дос тарпа бас салды. «Әне, Президенттің өзі айтты, қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеру керек деп. Сендер мемлекеттік тіл деп сөзді шығындай бересіңдер» деп алқымнан алды. Тілімді тістеп қалдым. Сол жерге «Қазақстанды мекендеуші әрбір ұлттың өкілі мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген бір сөйлем керек-ақ еді. Үйден шыққан бетте көрпемізді бөліп жамылғандардың көзімізді шұқып тұрғанын қарашы.
Қазақ – кең пішіліп, Құдайына қараған халық. Тілімізді де, жерімізді де біреуге беріп қойып, енді қаңбақ сөзді қуалап жүрміз. Әбіш Кекілбайдың «Тасбақаның шөбі» деген әңгімесі «Сәті түсейін десе, бәрі оңынан орала кетеді екен» деп басталады. Сәті түсіп-ақ тұр, бірақ тасбақа аяңмен аузымыздағы шөбімізді әлі алып келе жатырмыз. Тасбақа көрген жолаушының жолы болады деуші еді, қайран Әбекең оны әлдеқашан көріп, өмірден өтіп кеткен жоқ па? Бізге тасбақа аяң емес, қасқырдың жүйткуі керек. Әйтпесе қанағатшыл тасбақаның шөбін жолда әлдекімдер қақшып кетуі кәдік. Кең көрпемізді бір желпіп тастайтын кез келді. Сонда иіс-қоңыстан арылар едік. Ық жақтан да ызғар соғып тұр. Саябақта да жөндеп серуендей алмайсың. Әлдекімнен сөз естіп қалам ба деп өз жеріңде өзің қуыстанып жүресің...
Жолдау – жаңа өмірдің жаршысы. Жаңғырған Қазақстанда жақсы істеріміз мол болғай!
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы