Қызылордада қала күніне орай өткен шаралардың түйіні «Сыр Ана» монументі маңайында ұйымдастырылған «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно кеш болды.
Мұнда «Бауырсақ PARTY», «Шұбат – қымыз FEST», «Қауын – қарбыз FEST» атты фестивальдерімен қатар палаушылар сайысы ұйымдастырылды. Алаңда қатар қойылған 40 қазанда жергілікті аспаздардан бөлек Түркістан, Алматы, Ақтөбе облыстарынан келген палаушылар мерекелік шараға жиылған жұртқа дәм дайындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша сайысқа қатысуға 310 аспаз өтініш беріпті. Солардың ішінен 40 аспаз іріктеліп алынған. «Абай-Дәулет» компаниясының қолдауымен өтіп жатқан жарыс жеңімпазына 150 мың теңге мен марапат табысталады. Басқалар да құралақан қалмайды. Ал алаңда әзірленген палау тұрғындарға тегін таратылады.