Парламент қабылдаған саяси реформалардың пакеті Қазақстанның жаңа демократиялық модельге көшкенін білдіреді. Бұл модельде Президент бір мерзімге, қайта сайлану құқығынсыз сайланады. Оның үстіне бұл норма өзгеріссіз қалады және қайта қарауға мүмкін болмайды.
Сондай-ақ Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі президенттік және парламенттік өкілет мерзімдерінен ұзақтау болмақ. Бұл реформалардың пакетін бұрын іске асырылған конституциялық реформамен бірге қарау қажет. Жаңа Конституциялық сот институты құрылды. Бір мезгілде Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, Президенттің өкілеттігі қысқартылды. Аралас сайлау жүйесі енгізіліп, партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылады. Өңірлердің дербестігі күшеймек.
Мұның бәрі, түптеп келгенде, мемлекеттік құрылымның институционалдық келбетін билік тармақтарының арасында барынша теңгерім қалыптастыра отырып түзеді. Жаңа мемлекеттік модель биліктің ұдайы ротациялануын, саяси жүйенің болжамдылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді және тұтастай алғанда, мемлекетіміздің одан әрі дамуын тек демократиялық бастауларда, саяси бәсекелестік негізінде баянды етеді. Басқаша айтқанда, реформалардың жаңа пакеті саяси жүйенің өзгеру үдерісін аяқтайды. Енді барлық негізгі саяси институттарды (Президент, Парламент, мәслихаттар, Үкімет) қайта іске қосу міндеті тұр. Оның бірінші кезеңі Жолдауда жарияланған президенттік сайлау болады.
Ерлан ҚАРИН,
Мемлекеттік кеңесші