• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2022

Ең арзан коммуналдық төлем қай елде?

568 рет
көрсетілді

Уақтылы коммуналдық төлем осы сала қызметін сапалан­дырады. Алайда бұл қызметтің құны халық қалтасын қатты қақпауы керек.

Қазір елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы қызметінің құны төмен­деді. Дәлірек айтқанда, биыл екінші тоқсанның қоры­тын­дысы бойынша коммунал­дық төлем алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,3%-ға арзанда­ды. Тікелей реттелетін ком­му­нал­дық қызметтер (сумен жабдықтау, кәріз, электр энергиясы, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау) бағасы бірден 0,5%-ға төмендеп отыр. Мұн­дай динамика осы жылдың бірін­ші жартыжылдығында күшіне енген тұрғындар үшін ретте­ле­тін ком­муналдық қызметтер­ге тариф­терді көтеруге мораторий енгізумен тығыз байланыс­тырылады. Қазақстанда үлкен екі-үш бөлмелі пәтердің негізгі коммуналдық қызметтерінің құны бір жалақының шамамен 11%-ын құраған. Бұл ТМД елдерінің арасында ең арзан коммуналдық қызмет төлей­тін­дердің қатарынан көрінуге сеп болып отыр. Мәселен, Numbeo рейтингі бойынша 85 шаршы метр пәтер үшін негізгі қызмет­тердің құны электр қуаты, жылу, сумен жабдықтау және т.б. (яғни орташа есеппен екі-үш бөлмелі пәтер) елімізде айына небәрі 47 АҚШ долларын құраған. Салыс­тырмалы түрде алсақ, Беларусьта бұл көрсеткіш айына – 56,9, ал Ресейде – 131,8 доллар, ал елімізден біршама төмен Өзбекстан­ның көрсеткіші 36,8 долларды құраған. Демек, рейтинг талдаушылары қарастырған ТМД елдері арасындағы Өзбекстанда ең арзан коммуналдық төлемдер бір орташа жалақының 13%, көршілес Ресейде – 15,5%, ал ең қымбат Молдовада бірден 32,8% көрсеткен. Сондай-ақ рейтинг бойынша қарастырылған 106 елдің ішіндегі ең қымбат коммуналдық төлем айына 255,4 доллар болып Эстонияда тіркелсе, бұл елдегі орташа «таза» жалақының 20,6 пайызын құраған.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Дегенмен, кез келген елде тұратын азаматтар үшін «ком­муналдық пәтердің» құны емес, бастысы, белгіленген соманың адам қалтасына қатты қысым жасамауы аса маңызды. Осындай өлшем бойынша Қазақстанның көрсеткіштері ТМД бойынша оң көрсеткішке ие болып отыр. Мәселен, 85 шаршы метр пәтер­ге коммуналдық қызметтердің айлық құны Қазақстанда бір жалақының 11,3%-ын ғана құрай­ды (яғни салықтарды аудар­ған­нан кейінгі жалақы). Әдетте, мұн­­дай алаңның екі-үш бөлмелі пәтерін алып жатқан отбасында екі адам жалақы алса, отбасылық бюджетке орташа жүктеме тек 5,7% ғана болмақ.           

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу коми­теті бүгінде баға тұрақтылығын ұстау шараларын қабылдады және 103 монополия субъектісі­нің тарифтерін 2021 жылдың желтоқсан айындағы деңгейге келтірді. Мораторий кезеңін­де Қазақстан азаматтары шамамен 3,2 млрд теңге үнемдеген.  Еліміздегі коммуналдық қызмет тарифтерінің түзетілуі халық қаражатының үнемделуіне елеулі ықпал етіп отыр.